Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Талғарда қызметтік міндетін атқару кезінде хирургты соққыға жыққан. Қазір оның жағдайы орташа ауыр. Хирург стационарлық емнен бөлек 3-5 апта бойы оңалтудан өтуі керек.
Оқиға 28 ақпан күні Талғар аудандық ауруханасына аппендицит диагнозымен науқас әйелді қабылдау кезінде болған. Науқастың ұлы дәрігермен сөзге келіп, соққыға жыққан. Оқиға салдарынан дәрігер жабық бассүйек-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Артынша оны травматология бөлімшесіне жеткізген. Қазір мәселенің мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр. Әрі оқиғаны құқық қорғау органдары бақылауға алды. Ал облыстық Полиция департаменті сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады. «Іс бақылауда, оқиғаға қатысы бар азаматтар анықталды. Соңғы процестік шешім сараптама нәтижесі бойынша қабылданады», – деді баспасөз қызметі. Мұның алдында оқиғаның видеосы желіде жарияланып, қызу талқыға түскен-ді.Айбике ЖАНАСЫЛ