Air Astana-ның 2021 жылғы қаңтар мен ақпандағы қаржы көрсеткіші 2017 жылдан бері ең жоғары деңгейіне жетті. Былтыр пайда (EBITDAR*) 33,1 млн АҚШ доллары көлеміне дейін төмендеп, 2019 жылдағы көрсеткішінен 81%-ға қысқарған болатын. Коронавирус індеті кесірінен толық немесе жартылай локдаун салдарынан 2020 жылы тасымалдау көлемі 47%-ға, ал компания табысы 55%-ға төмендеді. Тасымалданған жолаушылар саны 28%-ға, яғни 3,7 млн адамға дейін азайды.
Жыл қорытындысына қатысты әуекомпания президенті Питер Фостер былай деді: «Індеттің халықаралық саяхаттарға деген кері әсері айдан анық болса да, әуе компаниямыз өз тұрақтылығын сақтап қала алды. Мамыр айында ішкі рейстер қайта жалғасып, FlyArystan бюджетті бөлімшеміздің жолаушылар саны 110%-ға өсті. Бір Boeing 767 ұшағын жүк ұшағына айналдыру арқасында әуежүк тасымалының көрсеткіші де артты. Халықаралық бағыттардың біртіндеп қайта ашылуы мен жаңа курорттық бағыттардың ашылуы да өткен жылдың соңғы аптасында табыс деңгейінің және жүктеме коэффицентінің ұлғаюына алып келді. Бұл үрдіс биыл да сақталып, осы жылға жақсы мүмкіндіктер болжауға негіз беріп отыр». Жақында Air Astana Мәскеу, Дубай, Ташкент, Франкфурт, Сеул, Бішкек, Киев, Стамбұл, Анталья мен Шарм-эль-Шейхке рейстерін қайта жалғастырып, сонымен қатар Мальдив аралдары, Матталаға (Шри-Ланка) және Хургадаға (Мысыр) қатынай бастады. 2020 жылы әуекомпания Boeing 757 пен Embraer 190 ұшақтарын өз әуефлотынан шығарып тастады. Енді негізгі халықаралық рейстерде әуекомпания Airbus 321 Long Range бен заманауи Boeing 767-ті қолданады. Питер Фостер «індет салдарынан кейін нарықтың баяу қайта қалпына келуіне қарай әуекомпанияның бағыттар желісінің елеулі жаңартуы мен жоғары қызмет көрсету деңгейі өз пайдасын келтіреді», – деді. *EBITDAR – жалдау төлемге, амортизацияға, тозуға, пайызға, салыққа дейінгі пайда.Серік ӘЛІМЖАНОВ, Алматы