Қуаты 250 мегаватт болатын «Қаскелең» қосалқы стансасы іске қосылды. Осы жоба нәтижесінде Алматы облысының Қарасай мен Жамбыл аудандары, сонымен қатар Алматы қаласының батыс маңындағы тұтынушыларын энергиямен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Батан елді мекенінде орналасқан қосалқы стансаның ашылу салтанатына «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.
Қосалқы стансаның құрылысы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Алматы облысының әкімдігі мен «Алатау Жарық компаниясы» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асты. Нысанның құны – 4,73 миллиард теңге.
«12 жыл ішінде өңірді энергиямен қамтамасыз ету жағдайы түбегейлі өзгерді. Егер 2008 жылы біз әкімшілікте Алматыдағы электр энергиясының өшу мәселесін шешсек, қазір «Самұрық-Энерго» салып жатқан нысандар облыс пен қаланың даму келешегіне де бағытталған. Бүгін біз – мен және облыс әкімі – Алматы агломерациясының энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі шешілді деп сенімді айта аламыз» деген Ахметжан Есімов жалпы осы салада еліміз бойынша үлкен жұмыстар атқарып жатқанына тоқталды. Сөзін ары қарай сабақтаған Ахметжан Смағұлұлы «Екібастұздағы 3-СЭС-тің үшінші блогы салынып жатыр. Шардарадағы СЭС-ке де қомақты қаржы жұмсалып, жаңарту жұмыстары жүргізуде. Қуаты бірден 26 пайызға өседі. Алматы қаласын газға алмастыру жұмысы да жоспарда бар. Бұл да үлкен жұмыс. Мол инвестицияны талап етеді. Мысалы, бір ғана Алматы облысының энергетика саласы үшін жыл сайын 10 миллиард теңгеге жуық инвестиция қажет. Ол аз қаражат емес, бірақ ол облыстың дамуы үшін керек. Алматы облысы – еліміздегі ең ірі облыстың бірі. 2 миллионнан астам тұрғыны бар. Сондықтан да біз осы мәселелердің бәрін қарастырып жатырмыз. Облыстың қарқынды дамуына өз ықпалымызды тигіземіз. Осы қосалқы стансаның ашылуы арқылы көптеген адам жұмыспен қамтылды. Стансада қойылған құрал-жабдықтың бәрі бүгінгі күн талабына сай. Қосалқы станса алдағы уақытта жақсы жұмыс атқарады деп сенеміз», – деді.
Жаңа энергетикалық нысан 6 мыңнан астам жеке және 400-ден астам заңды тұлғаларға қызмет көрсете бастады. 2030 жылға дейін 50 мыңнан астам жеке тұлғаға және 4 мыңнан астам заңды тұлғаға, сондай-ақ «Көкөзек» индустриалды аймағының тұтынушыларына қызмет көрсету жоспарланып отыр.
«Бұл қосалқы стансаның жұмысын кімге сеніп тапсырамыз?» деген мәселе туғанда бірнеше ұсыныс түскен. Сол кезде дұрыс шешім қабылдап, «Алатау жарық компаниясы» АҚ сияқты өңірдегі ірі компанияға таңдау жасағанымыздың нәтижесін көріп отырмыз. Бұл қосалқы станса бізге өте қажет. Алматы облысында 20 аудан бар. Оның ішіндегі ең ірісі – Қаскелең, Талғар, Іле аудандары. Өндірістің 70 пайызы осы аудандарда орналасқан. Нысанды іске қосқан компаниямен алдағы уақытта жоғары вольтті желіні Көкөзекке дейін тартып, тағы қосалқы станса салу жөнінде келісімге келгенбіз. Өйткені Боралдай индустриалды өндіріс аймағына көп инвестиция тартып, жаңа өндіріс ашу үшін электр энергиясы жетпейді. Енді екінші кезеңін тапсырса, өте жақсы болар еді», – деді облыс әкімі Амандық Баталов.
Сондай-ақ облыс басшысы соңғы кездері дәстүрлі емес энергия көздерін өндіру мәселесіне де жіті көңіл бөлініп жатқанына тоқталды. Оған Қапшағайдағы 100 мегаваттық күн энергиясын өндіру стансасын мысал ретінде айтты. Қазір Еңбекшіқазақ және Іле ауданында 50 мегаваттық екі қосалқы стансаны іске қосу үшін жұмыс жүріп жатыр. Бұдан басқа, тау өзендеріне су электр стансаларын салу жөнінде де жобалар бар. Ойға алған жобалар іске асса ҚХР-на энергия экспорттауға мүмкіндік тумақ. «Аграрлы аймақ болып саналатын Алматы облысында өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 1 триллион теңгеге жетіп отыр. Әрі қарай да дамуымыз керек. Өндірісті терең өңдеуге тиіспіз. Ол үшін өндіріс орындарын ашу керек. Өндіріс орындары үшін бірінші кезекте электр энергиясы қажет. Сол үшін облыс тұрғындарының ризашылығын жеткізгім келеді», – деді аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы.
Жаңадан іске қосылған ең заманауи энергетикалық нысан – Қаскелең қосалқы стансасы еліміздің ірі аймағының экономикалық дамуы үшін тың серпін береді деген үміт бар.