Шымкент қаласындағы криминогендік ахуал өткен жылғыдан біршама төмендепті. Бұл туралы Шымкент қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде қала прокурорының бірінші орынбасары Манас Сабаншиев айтып өтті.
Үшінші мегаполисте қылмыстық құқықбұзушылық 16 пайызға төмендесе, оның ішінде қасақана адам өлтіру – 38, денсулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 40, тонау – 35 және есірткінің заңсыз айналымы 28 пайызға кеміген. Ал қылмыстың ашылуы 73 пайызды құрап отыр. Прокурорлар заңсыз ұсталып, қызметтік бөлмелерде қамалып отырған 24 адамды босатыпты.
Манас Мәжитұлы прокуратураның ықпалымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында полиция органдары қосымша 400 компьютермен қамтамасыз етіліп, нәтижесінде тіркелген электронды қылмыстық істер саны 13 есеге артқанын атап өтті. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен арнайы прокурорлармен сотқа жолданған қылмыстық істің үкімі электронды форматта шығып, кінәлі тұлғаға 10 млн теңге айыппұл салынған.
Брифингте қала прокурорының орынбасары Берген Ержаппарұлы былтыр жыл бойында мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыдағы сотқа қатысу саласы бойынша бірінші сатылы соттарда прокурорлардың қатысуымен жалпы 1 885 іс қаралғанын атап өтті. Судьялардың 5 адамға қатысты шығарған 3 ақтау үкімі апелляциялық өтінішхаттармен бұзылып, оларға қайтадан айыптау үкімдері қабылданған. Сонымен қатар 88 адамға қатысты 58 үкім апелляциялық өтінішхатпен заңдастырылған. Осы мерзім ішінде прокуратура тарапынан кассациялық тәртіпте наразылық келтіру жөнінде 28 адамға қатысты 25 өтінішхат келтіріп, оның 12 адамға қатыстысы Жоғарғы сотпен қанағаттандырылыпты.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы түзеу мекемелерінде мерзімін өтеп жүрген 737 жұмысқа қабілетті сотталушының 614-і ақылы жұмыспен қамтылыпты. Сондай-ақ түзеу мекемелерінде 10 азамат жеке кәсіп ашып, оған сондағы 166 тұлғаны жұмысқа тартқан.
Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен жиында қоғамдық мүдделерді қорғау саласына тоқталған қала прокурорының орынбасары Бахтияр Мұхамеджанұлы 2019 жылдың 12 айында 231 тексеру мен талдау нәтижесінде 36 854 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалғанын айтып өтті. Мұнда заңсыздыққа жол берген 825 жан түрлі жауаптылыққа тартылып, нәтижесінде мемлекетке 585 млн теңге өндірілген.
Брифингте мүмкіндігі шектеулі балаларды үйден оқытқаны үшін 4 428 мұғалімнің жалақысына қосымша 62 млн теңге, 623 мұғалімге ғылыми дәрежесі үшін қосымша 2,1 млн теңге өндіріп, олардың конституциялық құқықтары қорғалғаны жөнінде де айтылды. Мегаполисте 6,5 млрд теңге көлеміндегі салықтан жалтару мақсатында «біркүндік фирмалар» арқылы 31 жалған шот-фактураларды жүзеге асырумен айналысқан қылмыстық топ прокуратура қызметкерінің ықпалымен құрықталған.
Ал атқарушылық өндірісі саласында прокурорлық актілермен мемлекет пайдасына 1,4 млрд теңге, жалақы өндіру бойынша 45,5 млн теңге және алимент бойынша 83,2 млн теңге өндірілген.
Шымкент қаласы