Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос азаматтық мәселесін жақында көтерген болатын. Бұған қатысты алаңдаушылық білдірген Президент қос азаматтығы бар шенеуніктер барын да айтқан. Сөзі айдай келді десек болатын шығар, шымкенттік шенеунік Олег Почивалов осы себепті қызметінен босатылды.
Аталған ақпаратты Шымкент қаласы әкімдігі растады. Почивалов шынымен қос азаматтық алған. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өкімімен денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Почивалов қызметінен босатылғаны хабарланды. Әкімдік тиісті құжат көшірмесін де көрсетті. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы мұндай заңбұзушылық үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырған еді. Осы орайда қос азаматтығы бар шенеунікті Илья Ильин қолдағанын да атап өтейік. Ол Instagram парақшасында пікір білдіріп, Қазақстанда білікті спорт жетекшілері көп емесін айтқан еді. «Мен Олег Почиваловты құрметтеймін. Егер қос азаматтықты елден кету үшін алса, онда ол Қазақстанда тұрып, жұмыс істемей-ақ ол елге баяғыда кетіп қалар еді. Елімізде білікті спорт кадрларын сақтауға тырысуымыз қажет. Өйткені ондай адамдар саусақпен санарлық. Егер Ресей Федерациясының азаматтығы болмаса, онда Олег Почиваловқа аймақтағы спортты дамытуға мүмкіндік беру керек» деп жазды Ильин. Бұған дейін шымкенттік шенеуніктің қос азаматтығы бар екенін Шымкент полициясы растағанымен, қала әкімдігі жоққа шығарған еді. Бірақ кейіннен бәрі анықталып, Почивалов қызметтен босатылды. Бұл уақытта ол жеке мәселелеріне байланысты ақысыз демалыста болған. Жұмысқа қайта оралған соң Почивалов 2021 жылдың 8 ақпанда Әл-Фараби аудандық сотына Шымкент қаласы Полиция департаменті шығарған азаматтығынан айыруға қатысты қорытындының күшін жоюға және Қазақстан азаматтығынан айыру туралы хабарламаға қатысты өтініш берген. Алайда 2021 жылдың 22 ақпанында Әл-Фараби аудандық соты шешімімен Почиваловтың Шымкент қаласы Полиция департаментіне жазған өтініші қанағаттандырылмады.И.ҚУАНЫШ