Елімізде соңғы кездері азық-түлік бағасы күрт қымбаттап кетті. Оның басты себебін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов түсіндірді. Сөйтсек, көбіне импортқа тәуелді өнімдер, экспорттық сұранысы жоғары тауарлар мен маусымаралық кезеңде қымбаттайтын көкөністер бағасы өседі екен.
«23 ақпандағы жағдай бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2,4 пайызға өскен. Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағасы қымбаттады», – деді министр. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, азық-түлік тауарларының бағасы өндірісі мен тұтыну теңгеріміне ғана емес, сондай-ақ импортталатын және экспортқа жіберілетін өнімнің үлесіне де байланысты. Бұл сыртқы нарықтағы бағаны ішкі саудаға әкеледі. «Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдер бойынша да өндірісті барынша ұлғайтуы қажет», – деді сала министрі. Сонымен бірге тұрақтандыру қорларының қоры да жеткіліксіз екен. Атап айтқанда, 3,7 млрд теңгеге 25,4 мың тонна қалыптасқан. Олардың интервенциясы жалпы тұтынудың 0,2-1,4 пайызына тең. Министрдің айтуынша, бұл бағаға іс жүзінде тиісті әсер етпейді де. «Мысалы, Ақтөбе облысында 2020 жылы қанттың (56,9 пайыз), қарақұмық жармасының (40,0 пайыз), күнбағыс майының (31,1 пайыз) және жұмыртқаның (17,5 пайыз) бағалары едәуір өсті. Бұл ретте жыл ішінде қорға бағаның шамалы өсуі байқалған көкөністер сатып алынды. Тұрақтандыру қорларын тәуекелі жоғары импортқа тәуелді тауарларға ғана қаражат пен күш-жігерді шоғырландыру арқылы қайта қарау қажет», – деді Сұлтанов.Исмаил ҚУАНЫШ