Соңғы бірнеше айда 4 және одан да көп адам бірден мерт болған көлік апатының саны артып барады. Кеше Қостанай облысындағы Қостанай-Әулиекөл тасжолында екі джиптің соқтығысуына 6 адам қайтыс болды. Апат тасжолдың 69-шақырымында, Новонеженка және Лаврентьевка ауылдары арасында болған.
Облыстық Полиция департаменті апат болған жерге автопатрульдер мен жедел-тергеу тобы барып, жұмыс істегенін хабарлады. Құзырлы органдар қайтыс болғандар жайлы ақпарат таратқанымен, жараланғандар болды ма, жоқ па ол жайлы мәлімет бермеді. Ал бұл апат соңғы 10 күннің ішінде елімізде тіркелген үшінші ірі көлік апаты. Ақпанның 22-сі күні Батыс Қазақстан облысындағы Атырау–Орал тасжолында бір мезгілде 6 адам қайтыс болған жол-көлік апаты болған еді. Кейін, 26 ақпанда дәл сол жолда 4 адам бір мезгілде көлік апатынан көз жұмды. Одан бұрын, 15 ақпанда Алматы облысында көліктердің соқтығысуынан 7 адам, қаңтардың 13-і күні Қызылордада бір мезгілде 5 адам қайтыс болды. Ал 2020 жылдың 20 желтоқсанында Павлодарда көліктердің соқтығысуынан 5 адам бірден көз жұмған еді.