Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарды шеттету бар екенін мойындайық. Әсіресе, жұмысқа орналасуда қиындық көреді. Бәлкім мәселенің шешімі әлеуметтік бизнесті дамыту болар. Батыс елдері мұндай үрдісті 40 жыл, Ресей 12 жыл, қырғыз елі 8 жыл бұрын қолға алды. Бізде де бастамалар аз емес. Мәселен, елордада 30 шақты әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны бар, ел бойынша жалпы саны 250-ге жетеді. Осы саладағы мән-жайдан хабардар болу үшін қос әлеуметтік кәсіпкерді әңгімеге тарттық.
Өңірлерде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолға алу керек
– Шыны керек, аталған салада тәжірибем болмады. Бәрін нөлден бастадым. Қазір арнайы әдістеме бойынша жұмыс істейміз. Қалай жұмысқа орналастыру керек, қалай мотивация беру керек екенін сол әдістемеге сүйене отырып жүзеге асырамын. Жаңа нәрсенің барлығы тәжірибемен келді. Иә, 2012-2015 жылдары Назарбаев университетінде жұмыс істедім. Мұндай жұмыстан шаршайтынмын. Қоғамға көмектесіп, оларды жақыннан танығым келді. Осылайша, жұмыстан шықтым да, Green Tal әлеуметтік шеберханасының негізін қаладым. Жобаны 2015 жылы бастадық. Алғашында шығынға батқанымыз бар. Өзімнің нашар кәсіпкер екенімді байқап, бизнес саласында білімімді жетілдірдім. Сөйтіп, аяққа тұрып кеттік. Қазір біз 8 бағыт бойынша азаматтарға қолдау көрсетеміз. Ағаш цехы, тігін цехы, полиграфиялық, дәнекерлеу мен декоративті қызмет. Биыл өңірлерден алғашқы филиалымызды аштық. Әріптестеріміз Павлодар қаласында жұмысын бастады. Бізде қазір 71 адам жұмыс істейді. Оның 62-сі әлеуметтік санатқа кіреді. Оларды тегін оқытамыз. Ебі барларын жұмысқа орналастырамыз. Жұмысшылардың арасында мүгедек жандар, ішімдікке, есірткіге тәуелді азаматтар және тағы басқалары жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік санатқа кіретін топты жұмысқа қабылдарда олардың біліктілігі жоғын ескеру керек. Көбінің орта білімі бар. Оларды жетілдіріп, жаңа қырын ашу үшін ұзақ уақыт кетеді. Бастысы, мотивация беріп, жаңа жолға жетелеу керек. Уақыт өте келе прогресс байқайсыз. Мәселен, жұмысқа тұруға келген кісіден бұрын жұмыс істеп-істемегенін сұраймын. Жұмыс істемеген болса, қолынан не келетінін анықтаймын. Артынша тәжірибеден өтуге мүмкіндік беремін. Тәжірибе жинау кезінде оқытып, жұмысқа қабылдаймын. Бір қызығы, әлеумет мені қаһарманға теңейді. Негізгі қаһармандар – тағдыр сынына мойымай, әлеуметтік шеберханада жұмыс істеп жүрген жандар. Олардың мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ойы мен санасы тәуелсіз. Осындай азаматтардың жұмыс істеп жүргеніне қарап, дені сау жандар ой түюі керек. Мысалы, ағаш цехында жұмыс істейтін Айдардың диагнозы – ДЦП және шизофрения. Ол орталықта үш жылдан бері жұмыс істейді. 4 ай бұрын ол әке атанды. Әйелі біздің тігін цехында қызмет етеді. Бір-бірін түсініп, алға жетелеп жүрген жандарды көргенде жұмыс істеуге одан сайын құлшынамын. Жақында Даун синдромымен ауыратын жігіттің анасы хабарласты. Алты жылдық тәжірибемде мұндай диагнозы бар азаматты кезіктірмедім. Дәлірек айтсам, тәжірибем жоқ. Жігітті әңгімелесуге шақырдым. Артынша 22 жастағы жігіт бұрын BI GROUP-те жұмыс істегенін білдім. Бірақ өткен жылдың наурызынан бері ақысыз еңбек демалысына шығыпты. Оны ағаш цехында оқып, үйренуге шақырдым. Әр іс – жаңа белес. Жігіттің анасы жалғызбасты әрі тағы бір қызы бар. Ал анасының баласын мақтан тұтып, жаңа жұмыс таба алатынын дәлелдегім келеді. Айта кетерлігі, елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікке енді мән беріп жатыр. Өңірлерде мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы қиын екенін білемін. Осыған күш салып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту керек. Сондықтан Президенттен 2022 жылды әлеуметтік кәсіпкерлік жылы деп жариялауын сұрадым. Мысалы, елімізде 300-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер бар. Ал Ұлыбританияда олардың саны 70 мыңнан астады. Соған сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлік салық төлеу жолға қойылған. Аталған саланы дамытсақ, экономикаға өзінше үлес қосар едік.Мемлекеттік бағдарламамен несие алу үшін таныс керек
– ІІІ топтағы мүгедекпін. 2000 жылы «Есеп-сауда» колледжін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірдім. Бұл шақ жұмыссыздық кезеңімен тұспа-тұс келді. Сөйтіп жүргенде «Гарант-2» мекемесінде есеп бақылаушысы болып жұмысқа тұрдым. 2002-2006 жылдары «Қызылорда су жүйесі» мекемесінде қызмет еттім. Алғашында компьютерлерін жөндеп, ұсақ-түйек шаруаларды бітіретінмін. Кейін бастық компьютерге епті екенімді байқаған соң ақпарат бөлімінің басшысы қызметіне тағайындады. 2006 жылы басшылық ауысқанда «мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс істеуге болмайды, өз еркіңмен жұмыстан кет» деп жұмыстан шығарып жіберді. Бос отырмай газеттерге хабарландыру беріп, әркімнің компьютерін жөндедім. Ақша жинап жүріп, Педагогикалық колледждің жанынан компьютер орталығын аштым. Нақтырақ айтсам, көбіне көшірме жасаумен айналыстым. Негізі, күз бен көктем аралығында жұмыс қызу жүретін. Студенттер демалысқа кеткен соң табыс табу үшін базарға шығып, әйелдер сөмкесін саттым. 2012 жылы Елбасымыздың Жарлығы шықты. 2012-2018 жылдары Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әл-ауқатын көтеру жылы деп бекітілді. Арнайы үкім шыққаннан кейін «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігін құрдым. Ең алғаш бірлестік жанынан компьютер клубын аштық. Кәсіп бастауға 2,5 млн теңге кетті. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды компьютерлік сауаттылыққа үйреттім. Соның ішінде жұмысқа қабілетін байқап, жаңа кәсіпке баулыдым. Көшірме орталығын үлкейтіп, жанынан компьютер жөндейтін бөлім аштық. Одан кейін бейімі бар азаматтарды біріктіріп, жиһаз жасауды қолға алдық. Станоктарды қарызға алып, жиһаз жасайтын цехтың тұсауын кестік. Бірлестікке келген мүмкіндігі шектеулі жандардың арасынан азаматтарды іріктеп, жарнама агенттігін құрдық. Сөйтіп, «Ұшқын» бірлестігінде үш орталық жұмыс істеп жатты. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жарнама агенттігін үлкейтіп, тігін цехын аштық. Көгалдандыру мен тазалық жұмысымен қатар айналыстық. 2013 жылдан бері бірлестікте жұмыс істейтін азаматтармен кеңесіп, тапқан табысымыздың 30%-ын қайырымдылық мақсатында жұмсадық. 2019 жылдың аяғына дейін 28 млн теңгеге қайырымдылық жасап, көмек көрсеттік. 2019 жылы Алматы қаласындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап Жарнама және полиграфия орталығын аштым. Несие алып, жұмысымызды бастап кеттік. Енді етек-жеңді жинаймыз ба дегенде карантин басталып кетті. Аталған жылы жоспар құрғанымда Қызылорда облысынан 600 адамды, Алматы қаласынан 120 мүгедек жанды жұмыспен қамтимын деп жоспарладым. 2019 жылдың аяғына дейін қарамағымда 320 адам жұмыс істеді. Қазір 65 адам қалды. Карантин әсерінен ақшалай қиындық көрдік. Қараша айының несиесін енді жаптым. Айлықты да кешіктіріп төлеймін. Бірақ олар бәрін түсініп отыр. «Онсыз да бізді жұмысқа алмайды, одан да осында жұмысты жалғастыра берейік» деп шыдамдылық танытатындарына қуанамын. Қазір 22 млн теңге қарызымыз бар. Бізге үстіне қосылатын пайызды азайту да үлкен көмек еді. Сондықтан Президентке, қос қаланың әкімдеріне де хат жаздық. Арызымызға құлақ түрген жан болмады. Біразы «несиені мемлекеттік бағдарлама арқылы алмағансың» деп сөгеді. Несиенің мұндай түрін алу үшін әкімдік пен прокуратурадан таныс керек. Алған несиеңнің 20%-ын берсең, саған несие береді. Мұндай шығын шығарғым келмегендіктен, үйім мен станоктарды кепілге қойдым. Шамам жетсе, әрбір мүмкіндігі шектеулі жанның кеудесіне ұшқын тастап, үміт отын жаққым келеді.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ