Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Тарих және шетел тілдері институты оқытушылары жалпы сомасы 51 миллион теңгені құрайтын грант ұтып алды. Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушылары Ақшайым Жалалова, Ақжарқын Әбуова, Нұргүл Қалиева, Ботакөз Сазаева және Әлия Задаханованың «Көне түркілердің дүниетанымындағы концептілер жүйесі» атты жобасы 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурста үздік деп танылған.
– Аталған жоба Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру конкурсы талаптарына сәйкес деп табылып, 2021-2023 жылдар аралығында ғылымды дамытудың Білім беру және лингвистика саласындағы өзекті мәселелерді зерттеу бағыты бойынша жүзеге асырылмақшы, – дейді жобаның ғылыми жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Қосымова.Жоба жетекшісі мен жоба орындаушыларының негізгі мақсаты - Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көне түркілер дүниетанымындағы концептілер жүйесін анықтап, оны Абайдың «Толық адам ілімі» тұжырымына сәйкестендіріп, қазақ дүниетанымындағы көрінісін негіздеу.