Қазақстанда ардагер не қызметтегі жауынгер қаза тапса, оның отбасы мемлекет берген арендалық үйден айырылып, далада қалады. Осы мәселе ішінара шешілетінге ұқсайды. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен отырыста сенаторлар қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына да тұрғын үй жәрдемақысын төлеуді ұсынды.
Жиында Сенат «Ғылым туралы» заңға жаңа түзетулерді екінші оқылымда қарап, қабылдады. Құжаттың басты мақсаты – ғылыми және ғылыми-техникалық саланы жетілдіру, оның нәтижелерін коммерцияландыру. Жаңа нормалар ғылыми-зерттеулердің кең шоғырын республикалық бюджеттен қаржыландыруға жол ашады. Мұндай қадам қолданбалы ғылыми жаңалықтардың көптеп ашылуына және ғылымның ел экономикасының дамуына қосатын үлесін арттыруға тың серпін беретін көрінеді. – Қабылданған заң ғылым саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға арналған қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың және барлық ғылыми-зерттеу жұмысын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдарды әлеуметтік қолдау және көтермелеу көзделіп отыр. Осы мақсатта жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру қарастырылған. Жалпы, бұл заң елімізде ғылым саласын дамытуға үлес қосады. Заңда мемлекеттік білім беру мекемелерінің бірінші басшыларының ротациясы бекітіледі. Ол БҒМ белгілеген тәртіппен жүргізіледі», – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына төл түзетулерін енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Оған сай, қызмет барысында қаза тапқан немесе жарақат алған полиция қызметкерлерінің отбасылары енді баспана төлемдерін ары қарай ала береді. Бұл тармақ бұрын реттелмеген болатын. Яғни, егер полицей жұмысқа мүлдем жарамсыз болса, қызмет кезінде жарақат алса, не қайтыс болса оған төленіп келген тұрғын үй жәрдемақысы тоқтатылатын. Бұл полицей мен оның отбасының онсыз да күрделі жағдайын едәуір қиындатады. Сенаторлар тәртіп сақшыларының отбасы осындай жағдайға душар болған кезде белгіленген төлемдерді ипотека мерзімі аяқталғанға дейін не жалдамалы тұрғын үй толық сатып алынғанға дейін сақтау туралы ұсыныс енгізді. Егер Мәжіліс сенаторлар түзетуіне келісім берсе, құжат Президентке қол қоюға жолданады.Елдос СЕНБАЙ