Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжіліс жанынан Партияаралық кеңес құру туралы бастама жасады. Бұл ұсынысты ол Қазақстанда тіркелген партия өкілдерімен кездесуінде айтты.
Кеңесті ұйымдастырудың басты мақсаты – парламенттік және парламенттік емес партиялар арасында тұрақты диалог орнату. – Әрқайсысымыздың алға қойған жоспарымыз, міндетіміз, жұмыс істеу тәсілдеріміз әртүрлі болғанымен, мақсатымыз бір. Ол – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыту бастамаларын қолдап, халқымыздың өмір сапасын жақсартуға ықпал ету, үлес қосу, – деді отырыста Нұрлан Нығматулин. Осы жолда Мәжіліс әрқашанда қоғамдық ұйымдармен, тәуелсіз сарапшылармен, журналистермен ашық, қолжетімді және жария жұмыс істеп келе жатқанын алға тартқан палата Спикері: – Мәжіліс жанынан Партияаралық кеңесті ұйымдастыруды ұсына отырып, біз, ең алдымен парламенттік және парламенттік емес партиялардың диалогін кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашқымыз келеді. Осы жаңа пікірталас алаңында әзірленетін талқылаулар, ұсыныстар, ұсынымдар заң шығару процесін одан да тиімді етуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Жалпы, біздің Партияаралық кеңес аясындағы ынтымақтастығымыз өзекті мәселені шешудің тағы бір құралы бола алады, – деді. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Партияаралық кеңес консультативтік-кеңесші орган болады. Ол қандай да бір заң жобалары бойынша партия өкілдерінің жұмыс топтарының құрамына кіруіне депутаттық корпустың мүдделі екенін білдіреді. Отырыс барысында парламенттік емес партия өкілдері Мәжіліс Төрағасы ұсынған бастаманы қолдап, бұл Мәжіліс жұмысындағы жаңа бетбұрыс екенін айтты. Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген тапсырмаларына, соның ішінде жаңа заң жобасын әзірлеуге қатысты мәселелерге назар аударды. – Біз Партияаралық кеңестің тұрақты жұмыс істейтін жұмыс алаңына айналуын қамтамасыз етуіміз керек. Онда ұсынымдар әзірленеді, содан кейін олар Парламенттегі заңнамалық процестің барлық сатыларында пайдаланылатын болады, – деді сөзін қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы. Айту кету керек, Мәжілісте өткен жиынға Adal, «Ақ жол», «Ауыл» партияларының және Қазақстан Халық партиясының, «Nur Otan» және ЖСДП өкілдері қатысты.А.СҰЛТАН