Қазақстан Президенті Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитіне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Видеоконференция форматында өткен жиынға Пәкістан премьер-министрі Имран Хан, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Иран президенті Хасан Рухани, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хади Сулейманпур қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында бауырлас түрік халқына және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға пандемияға қарсы күресте елімізге көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Президент баяндамасында пандемияның экономикаға тигізген кері әсерін еңсеруге баса мән берді. – Қажетті қаржымен қамтамасыз етілген Дағдарысқа қарсы кешенді жоспарды іске асырудың арқасында Қазақстан пандемияның теріс әсерін барынша азайта алды. Тіпті, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өндіріс секілді салаларда өсімге қол жеткіздік. Биыл біз ішкі жалпы өнім 3 пайыздан астам өседі деп жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық ұйымымен ықпалдастық Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, ұйым аясындағы өзара іс-қимылдың негізі инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени бағыттардағы ірі жобалар болуы керек. Қытаймен бірлесіп қолға алынған Транскаспий халықаралық көлік бағыты – сондай болашағы зор жобалардың бірі. Атап айтқанда, 2019 жылдың қараша айында Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркияны байланыстыратын Сиань–Стамбұл–Прага бағыты бойынша контейнерлік пойызы жүре бастады. Былтыр сәуір айында Сиань-Измир бағытындағы бірінші контейнерлік құрам жүріп өтті. Ол 7 000 шақырым қашықтықты 16 күнде еңсерді.