Әдетте, қазақ халқын тарихшылардың жауынгер жұрт деп бағалайтыны бар. Біз де Алтайдан Атырауға, Сарыарқадан Қаратауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр өлкемізді жауынгер бабалардың мұрасы деп білеміз. Қазақстанның тұрақты, кәсіби армиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен құрылды.
Негізі, Елбасы 90-жылдардың басындағы саяси үрдістердің соңы КСРО-ның ыдырауына апарып соғатынын бағамдаса керек, сол бір аласапыран күндерде, 1991 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлық шығарды. Сөйтіп, елдің аумақтық тұтастығын, қорғаныстық және басқа да мүдделерін Қазақстан тәуелсіздік жарияламастан бұрын-ақ қорғауды қолға алған болатын. Ал 1992 жылғы 7 мамырдағы Жарлық осынау мүдделері армияның күшімен қорғауға кірісудің белгісі еді. Әрі Қарулы Күштер дегеннің өзі тәуелсіз мемлекеттің елдік атрибуттарының бірі саналатыны тағы бар. Сонымен бірге дәл сол «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» Жарлыққа қол қойылып, Қорғаныс министрлігі құрылды да, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені берілді. Осылайша, қазақ тарихында алғаш рет бір күнде тұрақты армия, қорғанысқа жауапты ең жоғары мемлекеттік құрылым, сол кездегі ең жоғары әскери шен өмірге келді. Кейін, арада бірнеше жыл өткенде тағы да ұлт тарихында тұңғыш рет Әскери теңіз күштері құрылған болатын. Әрине, Қазақстан армиясының құрылуы мен қалыптасуы, жетілдірілуін тарих тұрғысынан бағамдап, атаулы оқиғаларды тізіп шығуға болар еді. Бірақ 30 жылға жуық уақыт ішінде Қарулы Күштердің қалай жетілгені, алға қойған міндеттерді бүгін қалай орындап отырғаны өзекті. Өйткені Қарулы Күштердің құрылуымен бірге бірқатар салалардың да жанданып, жаңғырғаны бар. Тәуелсіздік жылдарында Елбасының Жарлығымен екі азаматқа армия генералы шені берілген еді. Мұндай атақ бұрын-соңды қазақ азаматына бұйырмаған болатын.Өзгенің қателігін қайталаған жоқпыз
Әдетте, мемлекеттілігінен айырылып, кейін оған қайта қауышқан халықтардың кейде масаттанатыны сонша төңірегіндегі жұртқа өштесіп, кек қуа қалатын кездері болады. Мұндай жағдай тарихта аз қайталанбаған. Әсіресе, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Қарулы Күштерін төңіректегі көршілерімен есеп айырысу құралы ретінде пайдаланған мемлекеттер аз болмады. Айталық, бұрын Югославияның құрамында болған халықтың жетекшілері осындай қателікке ұрынды. Сол сияқты Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ үшін болған қақтығыстарда әскер қолданылды. Одан бөлек, жаңадан тәуелсіздік алған елдерде түрлі қару-жарақ қоймалары, бұрынғы одақтың ортақ армиясының кімге бағынарын білмеген бөлімшелері болды. Армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың айтуына қарағанда, 90-жылдардың басында Қазақстанда 200 мыңдай әскери қызметшісі бар әскер тобы орналасыпты. Мұндай құрылымдарды реттеп, жөнге келтірмесе, әскерилердің түрлі арандатуға еріп кетуі де ықтимал болатын. Осындай сәтте Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Қорғаныс комитетін, жарты жылдан соң Қорғаныс министрлігі мен армияны жасақтап, жағдайды бақылауға ала білді. «90-жылдардың басында республикамыздың аумағында шамамен 200 мың әскери қызметшісі бар үлкен әскер тобы шоғырланды. Нұрсұлтан Назарбаевтың көзқарасының прагматизмі қиын-қыстау сәттерде шешімін тауып, бұрынғы бірқатар Кеңес елдері басынан өткерген қателіктерді жібермеуге жол берді» деп еске алады Мұхтар Алтынбаев. Мұны Қарулы Күштерді жасақтау процесіндегі бірінші жеңіс деп бағалау қажет. Әрине, одан соң КСРО-дан қалған қаруды бөлісу, бізге қажеті жоқ ұрыс техникаларын, атап айтқанда стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды, баллистикалық зымырандарды Ресейге қайтарып беру, ядролық қарудан бас тарту процесі тәрізді шаралар жалғасты. Сонымен бірге жас армияны жаңа техникамен жабдықтау ісі де сол кезден-ақ басталды. Қарулы Күштердің құрылуының нәтижесінде қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары мен әскери оқу орындары құрылып, бұрыннан барлары қызметін жандандыра түсті. Сөйтіп, тұтас бір сектор бәсекеге қабілетті болды. Армия әлеуметтік саты қызметін атқара бастады. Бұл – бір ғана шешімнің екінші үлкен олжасы.Әскери ынтымақтастық 1-орында
Қазақстан Қарулы Күштері тек қорғанысқа көңіл бөлген, жаппай қарулануды жақтамайтын, кәсіби деңгейі жоғары құрылымға айналды. Ел тарихында қабылданған 4 әскери доктринамыздың барлығында қорғанысқа басымдық берілген. Сөйте тұра бұл құжаттарда елге төнуі мүмкін ықтимал қауіп-қатер мен әлемдегі әскери-саяси жағдайлар ұдайы ескерілді. 2017 жылы қабылданған соңғы доктринада кибер және ақпараттық қауіпсіздік, гибридті соғыс пен оған тосқауыл қою амалдары да қарастырылған. Мұның өзі әскери саланың заманауи сын-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беруге икемделетінін көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлінді. Соның ішінде Ресей және Қытай елдерімен, Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен, НАТО-мен ынтымақтастық орнаттық. Елбасы саясатының арқасында Қазақстан әскери ынтымақтастықтың да көпвекторлы бағытын ұстанды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қатарлы бірлестіктер аясында бірлескен әскери жаттығуларға қатыссақ, НАТО күштерімен бірге антитеррорлық дайындықтар жүргіздік. Қарулы Күштер 90-жылдары ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғауға атсалысып, 9,5 мыңнан астам сарбазымыз бен офицеріміз Тәжік-Ауған шекарасын күзетуге қатысқан еді. Ал 2005-2008 жылдар аралығында «Қазбат» батальоны Ирак жерін минадан тазарту жұмысына қатысқан болатын. Тәжік-Ауған шекарасында 1995 жылдың 7 сәуірінде 17 сарбазымыз мерт болған еді. Ал Иракта капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты. Әрине, сарбаздардың қазасы жайлы деректер күрсінткенімен, Қазақстан әскерінің мол тәжірибеден өткені, сарбаздардың білімі мен біліктілігінің артқаны, әлемдік қауымдастық алдында ел беделінің өскені қуантады. Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінде Ресей, Беларусь, Израиль, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Франция сияқты мемлекеттердің түрлі техникалары қолданылып жүр. Қазақстан радиоэлектронды байланыс құралдары, радиолокациялық жабдықтар, түнде көру құрылғылар, бронды көліктер, әскери катерлер құрастырып, патрон өндіретін деңгейге жетті. Бүгінде Қазақстан аспанын С-300 тәрізді зениттік зымыран кешендері қорғап тұрса, әуе күштері Су-30СМ, МиГ-31 тәрізді ұшақтармен қаруланған. Отандық «Арлан» көліктері, түріктің бронды машиналары, француздармен бірлесе құрастырған «Нұр» радиолокациялық кешендер елдің қорғаныс қабілетін арттыратын құрал екені сөзсіз.Кәсіби әскер жасақталды
Қарулы Күштерді жасақтауда Елбасы ұстанған бағыт – сан емес, сапа. Нұрсұлтан Назарбаев әскер санының көп болуынан гөрі шағын әрі ұтқыр армия маңызды деп санады. Сонымен бірге әскери істі кәсіп қылған мамандар қатарын көбейтуді де көздеді. Сөйтіп, келісімшарт бойынша әскери қызмет атқару жүйесі енгізілген еді. Бүгінде Қарулы Күштердің жеке құрамының 75 пайызы келісімшарт бойынша қызмет етеді. Яғни, кәсіби әскер. Одан бөлек, Қазақстан әскерінің жеке құрамының саны да көп емес. Шамамен, 100-110 мың шамасында. Алайда Қарулы Күштерді мұндай үлгіде дамыту қоғам үшін де, елдің қорғаныс қабілеті үшін де пайдалы болып тұр. Біріншіден, келісімшарт арқылы әскери қызмет өтеу көптеген жастың әлеуметтік мәселелерін шешіп, қоғамда өз орнын табуына септігін тигізді. «Әскери баспана» тәрізді бағдарламалар жауынгерлердің баспанамен қамтамасыз етілуіне ықпал етіп жатыр. Екіншіден, кәсіби түрде әскери қызметпен айналысқан жауынгерлердің даярлығы жоғары, қауіп-қатер туындай қалған жағдайда тез шешім қабылдауға қабілетті келеді. Үшіншіден, кәсіби әскер мен армия жағдайының жақсы болуы халықтың Қарулы Күштерге сенімін нығайтады. Бұл сенім армияға тіреу болары сөзсіз. Қысқасы, тәуелсіздік жылдарындағы айтулы жетістіктер қатарына кәсіби армияның жасақталуын қосамыз. Мұны Елбасы да атап өткен болатын. «Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз кәсіби армия қалыптастырды, ел мүддесіне толық сай келетін әскери доктрина түзілді. Біздің қасиетті топырағымыз әуеде де, жерде де және суда да қорғаныс аясында. Біз барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Қазір армия кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Бұл – әскери қызметшілер алдына мемлекет қойып отырған міндет» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.Амангелді ҚҰРМЕТ