Қала ішінде қаңғыбас иттер паналайтын арнайы орталықтар бар. Ол орталықтарға қараусыз қалған ит-мысықтарды кім әкеледі, қабылдаушылар жануарларға қалай қарайды, кейін қайда жіберіледі, оның шығынын кім көтереді? Біздің білгіміз келгені де осы.
Бүгінде еліміздің әр қаласынан жануарларды қорғайтын қоғамдық қорларды табуға болады. Сондай орталықтың бірі – «Балто» қараусыз қалған жануарлар орталығы.– Кейбірі бұл ісімізді түсінбеуі мүмкін. Тіпті, «бұларға емес, адамға қол ұшын созбай ма?» дейтіндер де табылар. Бірақ адамдарға пана болатын үкімет, мемлекет, меценаттар бар. Ал ит пен мысықты біз секілді волонтерлерден басқа қорғайтын ешкім жоқ, – дейді Айгүл Хасанова. Оның айтуынша, қараусыз қалған ит-мысықты кез келген адам әкеле алатынын айтты.
– Ең қызығы, осында түскен ит елге шауып, үріп, қаппайды. Әрине, бастапқыда қай жерге келгенін түсінбей, қорқақтайды. Алайда осы жерде өзіне қарайтынын іштей сезе ме, әйтеуір, ортаға тез бейімделеді. Шыны керек, оларды жанымызға алып, сөйлесіп не болмаса ойнайтындай уақыт жоқ. Сондықтан адамдар балаларымен жиірек келіп тұрса дейміз, – деді ол.
– Негізі бізде итке арналған 100-дей орын бар. Қазір оның бәрі толып тұр. Қосымша 4 мысық және есегіміз бар. Оның бәріне тамағын беріп, серуенге шығарып, тазалап отыратын бір ғана адам. Бір күннің өзінде 15-20 келі құрғақ жем берілсе, айына 200 келі ет пен 50 келі жарма жұмсалады. Оның үстіне жылына екі рет кенеден тазартылады. Оларды дәрігерге қаратып, емдету де қаражатқа тіреледі,– дейді Марина Ким.
Эмилия Ускенованың сөзінше, Еуропаның өзінде жануарларды өмір бойы ұстамайды. Бірақ қолға түскен қараусыз иттерді ұстау мерзімі үш ай, алты ай не бір жылға дейін созылады. Осы уақыт аралығында ит пен мысықтың әрбіріне жылы үй мен жайлы ие тауып беру қызметі жақсы жолға қойылған. Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ. Әр орталық орналастыру жолын өзі іздестіреді. [caption id="attachment_116979" align="alignnone" > ©petfinder.kz[/caption] – Жануарларды уақытша ұстау мекемесі – қолға түскен иттерді екі айға дейін ұстауға арналған орын. Бірақ Шымкент қаласында бұл ережедегі мерзім үш күнге дейін қысқарған. Үш күн ішінде иттің соңынан иесі не оны асырап алуға ниетті басқа адам келмесе, оған дәрілік зат егіліп, көзі жойылады. Бірде біздің қорда ерікті болып жүрген азаматтың өз ауласында сырттай қамқорлық танытып жүрген иттері уақытша ұстау мекемесіне түсіп қалып, құтқарып алуға соңынан бардық. Барлығы жеті иттің тамақтандыру шығынын өтеп, демалыс күндері болған соң, тек төрт күннен кейін ғана алып кетуге мүмкіндік туды. Олардың барлығының да жағдайы нашарлап кетіпті. Сондай жағдайда қолымызға алдық, – дейді «Вторая жизнь» қараусыз қалған жануарларды қорғау қорының негізін қалаушы белсенді Эмилия Ускенова.– Бастапқыда біреуден бірдеңе сұрауға ұялатынмын. Тірнектеп болса да, өз күшіммен жүргізуге тырысатынмын. Бірақ бір өзімнің табысым аздық етеді. Қазір сұрайтын болдым. Жасыратыны жоқ, қазір біз секілді көп ұйымдардың қарызы шаш етектен. Менің де сол секілді қарызым да, несием де бар,– деген панахананың жетекшісі жағдайын жасырып отырған жоқ.
– Ит пен мысықтардың қараусыз қалуына – адам кінәлі. Көп жағдайда осындай жағдайлар адамның жауапсыздығынан болып жатады. Кішкентайында қызық көріп, қолына алады. Өсе келе оған қарау да қиындай түседі. Оны уақытылы дәрігерге көрсетіп, екпесін салдырту, тазалату – осының бәрі қосымша шығын. Сондықтан қаңғытып, көшеге тастай салғанды жөн көреді. Ал ит-мысықты асырамас бұрын әбден ойланып алған жөн, – дейді ол.