Қарағанды облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Қарағанды облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы кентінің маңында «Газель» мен қалааралық автобус соқтығысты. Жол апаты салдарынан жарақат алған үш адам оқиға орнында көз жұмды. Оқиға 5 наурызға қараған түні сағат 1-лер шамасында Ақсу-Аюлы кентінен 30 шақырым қашықта «Алматы-Екатеринбург» автожолында болған. 34 жастағы «Газель» автокөлігінің жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, «Тараз–Нұр-Сұлтан» бағытымен келе жатқан «VAN HOOL» маркалы автобуспен (рөлде – 56 жастағы жүргізуші) соқтығысқан. Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апаты салдарынан «Газель» автокөлігінің жүргізушісі мен 24 жастағы жолаушысы, сондай-ақ 37 жастағы автобустың екінші жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Автобуста төрт жолаушы болған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу басталды.