Қоғамдағы әйел рөлі мен теңдігі – маңызды мәселе. Әсіресе, әйелдерді төмендетпей, кемсітпей, керісінше мол мүмкіндік сыйлау дамыған елдердегі тенденцияға айналғалы қашан?! Қазақстан да осы бағытта бірқатар жұмыс жүргізіп келеді. Оның жемісі де тәуелсіздік алған 30 жылда әжептәуір байқалды. Ендеше еліміздегі гендерлік саясатта қандай ілгерілеу байқалады? Ер мен әйелдің тең құқыққа ие болуы жолында не жасалды? Осыған тоқталсақ.
Әлқисса, гендерлік саясат саласындағы ең негізгі заңнамалық акт «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң» деп аталады. 2009 жылдың 8 желтоқсанында қабылданған заңда ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық саласында көрініс табатын әлеуметтік қырын, жынысына қарамастан тең мүмкіндік пен құқыққа ие болып, қоғамның қай саласына болсын еркін қатынасуы көзделеді. Бүгінде аталған мақсаттардың біртіндеп орындалып келе жатқанына баршамыз куәміз. Әлбетте, Батыс елдеріндегідей деңгейге қол жете қоймады. Әйтсе де, ілгерілеуді байқамау мүмкін емес.Әйелдердің қоғамдағы рөлі қандай?
Гендерлік саясаттағы прогрестің айқын көрінісі ретінде әйел әлеуетінің мақсатты түрде дамытылғанын, бәріне тең мүмкіндік беру үшін жағдай жасалғанын, бизнесте де, саясатта да, мемлекеттік басқаруда да әйелдерге орын берілуін атап өте аламыз. Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталамыз. Осы қадамдардың арқасында бүгінде Қазақстанда гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың толыққанды институттық жүйесі қалыптасып үлгерді. Сондай-ақ құқықтың база да орнықты. Егемендік алғалы бері еліміз әйелдің рөлі мен құқығына қатысты біршама халықаралық келісімдер жасасып, бекітті. Атап айтқанда, гендерлік мәселелерді реттеуде Қазақстан United Nations Development Fund for Women, OSCE, Көші-қон бойынша халықаралық ұйым, USAID, Британ кеңесі және UNDP сынды халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйым саны да аз емес. Мысалы, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы, Республикалық әйелдер кеңесі, Әйелдердің даму және бейімдеу қауымдастығын атап өтсе болады. Бұлардың қай-қайсысында болсын бастапқы мақсаттан айнымай, әйелдер рөлі мен маңызын арттыруды көздеген істер жүзеге асырылады. Кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы «Қазақстан–2050 стратегиясы» Жолдауында аналарды қорғау, оларға қамқор болу мәселесін көтерген еді. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетімен біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады. Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болуы үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның тең құқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Аналарды қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетудің көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс. Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек. Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тартқан жөн, әсіресе жергілікті деңгейдегі өңірлерде. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал» деп шегелеп айтқан болатын.Парламенттегі әйелдердің үлесі қандай?
Ендеше Елбасы бастап, түрлі ұйым қостап жүргізіп жатқан гендерлік саясаттың қазіргі халі қандай? Соған оралсақ. Алдымен статистикаға көз жүгіртейік. 1999 жылдары, яки Қазақстан Парламенті құрылған кездері әйелдердің қатысы өте төмен болған еді. Мысалы, Парламенттің бірінші шақырылымында Жоғарғы палата Сенатта 4 әйел және 46 ер адам болса, Мәжілісте 9 әйел мен 58 ер адам болған. Динамика әр жылда әртүрлі болған. Айталық, 1996-1999 жылдары сенаторлардың қатарында 10 пайызы – әйелдер, Мәжілісте 13,43 пайызы болған. Ал әйелдер үлесі Сенатта ең аз болған кез 2007-2011 жылдарға тап келген. Нақтырақ айтқанда, сенатор әйелдер үлесі бар болғаны 2,74 пайыз болыпты. Керісінше, Мәжілісте жоғары көрсеткішке ие болған шақырылым 2016 жылғы екен. Ондағы әйелдер үлесі 27,10 пайыз. Ал қазір Сенатта 9 әйел бар. Айтпақшы, 2020 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға және «Саяси партиялары» туралы заңға Президент Тоқаев қол қойып, енгізген соңғы өзгерістерге сәйкес, бір саяси партиядан ұсынылатын Мәжіліс пен мәслихат депутатына үміткер жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квота берілген. Соған сәйкес, Nur Otan партиясының атынан сайланған мәжілісмендер қатарында 24 әйел бар. Қолда бар деректерге көз салар болсақ, 2018 жылы жергілікті мәслихаттағы әйелдер саны 740 болыпты. Ал 2019 жылғы көрсеткіш – 697. Жалпы алғанда, квоталардың енгізілуі – құптарлық іс. Әсіресе, әйелдер мен жастарға мүмкіндік беруді мемлекеттің мұрындық болғаны қуантады. Осы қадам арқылы әйелдердің саясаттағы өкілдігі артады. Мұның мәні сол жастар – өз қатарластарының, әйелдер көптеген тұрмыстық мәселені жақсырақ білетінінде. Соның арқасында қордаланған көп проблема қоғамда ашық айтылып, талқыланып, шешілуіне жол ашылады. Қазіргі БҰҰ-ға мүше 193 елдің 120-сынан астамында гендерлік квоталар бөлінеді. Болашақта үлесін 30 пайыздан 50-ге көбейту туралы ұсыныс та жасалды. Өйткені Қазақстан халқының жартысынан астамы әйелдер мен жастардан құралады. Демек, олардың үнін жеткізетін бірден-бір адамдар да – солар.Өзге салада да өсім бар
Әйелдердің өзге де салалардағы үлесіне келер болсақ, бізде бар деректерді назарыңызға ұсынайық. Жоғарғы Сот судьяларының ішінде әйелдер саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын байқадық. Мәселен, 2010 жылы 72 ер адам және 28 әйел болса, қазір теңесуге аз қалған. Атап айтқанда, 47 әйел мен 53 ер адам бар. Әйелдердің жалпы қоғамдық өмірдегі қатысымында динамика бар. Жоғары оқу орындарындағы ректорлар санына келсек, 2005 жылы бар болғаны 6 әйел басшы болған. Ал 2019 жылы 28 әйел университет басқарған. Статистикалық деректерге қарасақ, соңғы ақпараттар 2019 жылдағы жағдай бойы жасалған. Соның ішінде полиция қызметкерлерінің – 12,5 пайызы, Ұлттық банк басқармасының мүшелері ішінде – 25 пайыз, Кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатарында – 34,9 пайыз екен. Сондай-ақ қалалық жердегі басшылық ететін әйелдер үлесі 43,9 пайыз болса, ауылдарда – 40 пайыз. Елші қызметіндегілердің қатарында да қазір өсім байқалады. Өйткені осыдан 16 жыл бұрын елші әйел мүлдем болмаған екен. Ал 2019 жылғы дерек бойынша, 4 елші бар. Үлесі өте аз көрінгенімен, бастысы қарасы көбейіп келе жатыр. Айтқандай, әйелдердің кәсіпкерлікті қолға алуына мемлекет те мүдделі. Арнайы гранттар бөлініп, бағдарламалар іске асырылады. Әсіресе, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асыратын – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Аталған қордың арқасында қазақстандық бизнесвумендер қатары көбейіп, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алып отыр. Өйткені мұнда бизнесті нөлден бастауға көмектесіп, әрі қарай кеңею жолдарына қатысты кеңес беріледі. 2019 жылғы ресми статистика бойынша, орта және шағын бизнес иелерінің 45 пайызы әйелдер екен. Бұл әйелдердің 80 пайыздан астамы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, 12 пайызы – заңды тұлға, 7 пайызы – шаруа қожалығының басшысы. Тағы бір қызық дерек, тек жеке кәсіпкерлікті алып қарастыратын болсақ, 1086,5 мың кәсіпорынның 542,9 мыңы әйелдерге тиесілі. Мұндай оң динамика орта және шағын бизнесте байқалып отыр. Ал бұл, әлбетте мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың жемісі. Бұдан бөлек, қоғамдағы ең маңызды салалар – денсаулық сақтау, білім беруде әйелдер үлесі көп екені бесенеден белгілі. Ал билік басында, жетекшілік қызметте артып келе жатқаны көңіл қуантпай қоймайды. Мәселен, былтыр ел тарихында тұңғыш рет облыс басшысы ретінде әйел тағайындалды. Гүлшара Әбдіхалықова – 2020 жылдың наурыз айынан бері қазірге дейін Қызылорда өңірінің әкімі. Осы сияқты қадамдар жалғасын тауып, еліміздегі әйелдер құқығы қорғалып, бәріне бірдей мүмкіндік беріле бергей!Айша ЕРСҰЛТАН