Павлодар облысының тұрғыны жылқы ұрлағаны үшін 8 жылға сотталды. Сонымен қатар үкім оның сыбайласына да шықты. Бірақ ол келтірілген шығынды өтегендіктен, шартты түрде ғана жазасын алыпты.
Баянауыл аудандық сотының баспасөз қызметі мәлімдеуінше, Ерік Тасыбаевтың 2018 жылғы жазда белгісіз адамдармен бірге 18 жылқыны ұрлап әкеткен екен. Шығынның жалпы сомасы – 5,6 миллион теңге. Араға жыл салып ол жазда тағы бір ұрлық жасаған. Бұл жолы іске серіктесімен бірге барған. Олар 2,6 миллион теңгеге бағаланған 7 жылқыны қолды қылған. Іс материалында оқиғаның 2019 жылғы қыркүйекте орын алғаны айтылған. Содан кейін полиция қызметкері Тасыбаевты ұстау үшін үйіне келген. Алайда ер адам қарсылық көрсеткен. Бұл тағы бір қылмыстық іс қозғауға түрткі болған. Аудандық соттың ақпараты бойынша, сотталушылардың кінәсі куәгерлердің, жәбірленушілердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденген. Нәтижесінде, Тасыбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай үкімнің бірнеше қылмыстардың ескеріліп шығарылғаны айтылды. Алайда оның сыбайласына 4 жыл сынақ мерзімі берілді. Екінші айыпталушының жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтегені және 5 баланы тәрбиелеп отырғаны, әйелінің өмірден өткені ескерілді.Н.ЕРЖАНҚЫЗЫ