Мереке қарсаңында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы фракцияның мүшесі Динара Егембердиева «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Сайрам ауданындағы асыраушысынан айырылған жалғызілікті қарияларды құттықтады.
Кездесу барысында Динара Асылқызы олардың мәселелерін тыңдап, нақты шешілу жолдарын қарастырды. Ақсукент ауылының тұрғыны, жалғысбасты ана, тыл ардагері үйінің алдындағы арық мәселесін айтып, өтінішін білдірді. Кезінде сарқырап су ағатын, іші кең болған арық бүгінде қоқысқа толып, су жиналып, жаңбыр жауса сыртқа тасып, үйін су алатынын жеткізді. Аталмыш мәселе бойынша Динара Асылқызы аудандық «Ақсу» мекемесінің ұжымына хабарласып, мәселені тез арада шешу керегін айтып, жағдайды бақылауына алатынын жеткізді. Сонымен қатар Ақбұлақ ауылының тұрғыны жалғызбасты Омаргүл ана айналасының барлығында табиғи газ бола тұра өзі көмір жағып, газ баллон қолданып отырғанын, бұл бір өзіне қиындық туғызатынын айтып, табиғи газ кіргізуге көмек сұрады. Мәселенің мән-жайымен танысқан халық қалаулысы табиғи газ кіргізу үшін бар мүмкіндіктерді қолданып, тиісті мекемелер арқылы шешетінін немесе өз қаражаты есебінен көмектесуге уәде берді. Динара Егембердиева бұған дейін де жалғызбасты аналарға, қарттарға бірнеше рет көмек көрсетті. Жыл сайын сый-сияпатын апарып, олардың ақ батасын алып, мәселесін тыңдап келеді. Сондай-ақ ол 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай өз қаражаты есебінен аудандағын 200-ге тарта қарияны ақ дастарқанға шақырып, бір уақыт мерекелік көңіл күй сыйлауды әдетке айналдырған. Депутат алдағы уақытта да қазыналы қарттарға қамқорлық көрсетуді жалғастыра беретінін айтты.Әбілмансұр ЖАСАН