Төрт оқушы қызды қаққан жүргізуші кінәсін мойындады

Төрт оқушы қызды қаққан жүргізуші кінәсін мойындады

54 жастағы Әсет Демесінов полицейлерге берген жауабында сол күні әдеттен көбірек арақ ішіп қойғанын айтып ақталды. Бұл туралы КТК хабарлады.

Күдікті ішімдікті жалғыз өзі отырып ішіп, үйінен шығып көлігіне мінген. Ал жол жиегімен келе жатқан оқушы қыздарды таптап өткенін тек келесі күні бір-ақ түсініпті. Тәртіп сақшылары жол апатынан кейінгі көлікті де көрсетті. Қатты соққыдан «УАЗ» көлігінің  капоты мен бампері қисайған. Жүргізуші есін жиғанымен, ол қағып кеткен  қыздардың екеуі сол күйі ес-түссіз ауруханада жатыр. Оқиға Қорам ауылында 2 наурыз күні болған. Мектептен қайтып келе жатқан төрт оқушы қызды көлігімен басып-жаншып өтті. Екеуі өлім аузында жатыр. Ал үшінші оқушының аяғы сынып, оған ота жасалды. Төртінші қыз оқиға кезінде жолдан қашып үлгерген. Қыздардың екеуі – 8, екеуі – 9 жаста. Төртеуі сыныптас.

Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы: «Ұсталған жүргізуші уақытша ұстау абақтысында қамауда отыр. Автотехникалық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы, іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады», – деді.

Бұған дейін Алматы облысында 4 оқушы қызды қаққан жүргізушіге қатысты ауыл тұрғындары бар шындықты айтып берген еді.