Тарихшылар мемлекеттіліктің басты әрі төл нышандарының бірі ретінде ұлттық валютаны атайды. Мысалы, Еуропада байырғыда өз монетасын шығарған кез келген қала – жеке мемлекет, корольдік деп танылған. Тиісінше, Қазақстан аумағында археологтер тапқан кез келген шақта – қазақ жерін мекен еткен хандықтардың мемлекеттілігі мен тәуелсіздігінен хабар береді. Осы жағдайда 1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңгенің қолданысқа енгізілуі азаттығымызды әлемге паш еткен тарихи оқиғаға, тәуелсіздік жолындағы тың бетбұрысқа айналды.
Әрине, ұлттық валютаны енгізуге деген талаптар 1992 жылы жасала бастаған. Сол жылғы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюрасының алғашқы үлгілерін бекітті. Содан төл ақшамыздың алғашқы партиясын аса құпия жағдайда Англияда басып шығарғаны мәлім. Теңгенің тарихтағы орны ерекше: ол ХХ ғасырдың соңында жаңадан тәуелсіздік алған қазақ елінің мемлекеттілігін бекемдеді, экономикасына зор қуат берді, гиперинфляцияны ауыздықтауға ықпал етті, тәуелсіз қаржы жүйесін іске қосу үшін айрықша маңызды болды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев теңгені – «шынайы азаттыққа қарай аса маңызды қадам» деп бағалады. Теңгенің бұл мәртебесі мәңгілік қалмақ. Өйткені 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді құжат жүзінде рәсімдегенімізбен, 1993 жылдың қарашасына дейін баяғыда күйреп қалған Кеңес Одағының сомы мен рубліне тәуелді едік. Теңгенің енгізілуі кез келген экономиканы құртып тынар құбылысты тыйды.Көршілердің жолы басқа
Кейде экономистер «Қазақстан ұлттық валютаны кешігіп енгізді» деп қынжылыс білдіріп жатады. Бірақ бұл байлам негізінен сол кездегі тарихи жағдайды білмегендіктен, не оның байыбына бармағандықтан жасалатынға ұқсайды. Ол кезде аяқ астынан төл валютасын енгізе қоярдай Қазақстанда не қауқар, не тәжірибе болмады. Оның үстіне, аймақтағы қаржы нарығындағы ахуал тек бізге ғана байланысты емес еді. Сонымен бірге КСРО республикалары ірге ажыратқанымен, экономикаларды көтеру, еңсе тіктеп кету үшін рубль-сом аймағында қалуға уағдаласты. Бұл мәмілені іле-шала Мәскеудің өзі бұзды. Ол өз станогынан басып шығаратын жаңа ақшаны Қазақстанға бермейтінін жариялады. – Төл валютаға күрт көшудің бәріміз үшін де ауыр зардабы болуы мүмкін еді. Алайда посткеңестік «рубль» аумағында әртүрлі келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер туындады. Қолма-қол ақша жетіспейтін. Қазақстан Үкіметінің өкілдері жалақы мен зейнетақы төлеуге қажетті ақша алу үшін Мәскеуге сабылуға мәжбүр болды. Ресейде атышулы баға либерализациясы жүргізілді. Ізінше Ресейдің ақша реформасын да бастайтынын болжадым. Қазақстанға оның зардабы тимес үшін 1992 жылғы көктемде ұлттық валютаға көшуге әзірлік жөніндегі құпия комиссия құрылды. Комиссияның құрылғаны туралы мені қосқанда жеті-ақ адам білетінбіз! – деп еске түсірді бертінде Елбасы Н.Назарбаев. Тимур Сүлейменовтің басшылығымен бір топ суретші банкнот пен монеталардың дизайнын жасауға қызу кіріседі. Тұңғыш Президент жұмысын аяқтай сала әр кеш сайын Алматы сыртындағы «теңге тобы» жұмыс істеп жатқан саяжайға баратын. Осы тарихи істің басы-қасында Тұңғыш Президенттің өзі жүрді.Бір жыл бір күнге сығымдалған шақ
Кейін мәлім болғандай, топта ақшаның атауына байланысты да үлкен дау болыпты. Біреулер оны «сом» қалпында қалдыруды ұсынған. Енді біреулері «ақша» немесе «теңге» деп атауды ұсынды. – Маған «алтын» деген атау ұнайтын. Ақыр соңында орта ғасырларда біздің Дешті қыпшақ даласында айналымда болған, «тәңга» деп аталған ақша атауына орай «теңге» деген сөзге тоқтадық. Оның үстіне, орыстың «деньги» сөзінің «теңгемен» тегі бір, – дейді Н.Назарбаев. Елбасының айтуынша, одақтас республикалардың ішінде Қазақстанға тасқындай құйылған ескі үлгідегі рубль елдегі ақша массасын күрт ұлғайтты. Елде 2 400 пайыз гиперинфляция басталды. Дарынды драматург, жазушы Қалтай Мұхамеджановтың: «Базарға барсам, орыс кемпірі 1 келі алмаға 2 келі ақша сұрап отыр» дегені сол шақ болатын. Ескі сомның елге зардап әкеліп жатқанын көрген ел басшылығы әзірленіп жатқан ұлттық валютаны шұғыл түрде басып шығарып, айналымға енгізуге тапсырма береді. Ұлттық валютамыз Ресейде емес, Ұлыбританияда басылды. Өз елімізде ол кезде қағаз ақша фабрикасы болмаған. Басып шығарылған теңге өте құпия жағдайда арнайы жүк ұшақтарымен Қазақстанға жеткізіліп отырды. – Әлі күнге анық есімде: біз қажетті қаржы тауып, теңгенің қалған бөлігін басып шығаруға кеткен шығынды өтедік. Төрт «ИЛ-76» ұшағын жалдап, басылған барлық валютаның 60 пайызын елге алып келдік. Ол үшін арнайы операция жүзеге асырылды. Кедендік құжаттарда ұшақ ішіндегі бағалы жүк «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына қажетті жабдық» ретінде рәсімделді, – дейді Елбасы. Әйтсе де, теңгені әкелумен іс бітпейтін: оны енгізу – үлкен жұмыс. Комиссия мен жұмыс тобының мүшелері ұлттық валютаны айналымға жіберудің принципі мен шарттарын жасауға тиіс болды. Оның да әртүрлі нұсқалары қарастырылған. Украина мен Беларусьтегідей ұлттық валюта тұрақтанғанға дейін 1-2 жылдық өтпелі кезең белгілеу туралы ұсыныс айтылады. Мұндай жағдайда ұлттық валюта айналымда Ресей рублімен қатар жүреді, тек өтпелі кезең өткен соң ғана толыққанды енгізіледі. Елбасы бұл нұсқадан бас тартты. Ол теңгені батыл түрде, бір күнде әрі тікелей енгізу керегін дәйектейді. Себебі өтпелі кезең – елді екіұдай етуге соқтырады: алдымен өтпелі кезеңге кіру, сосын 1 жылдан кейін түпкілікті валютаға көшу арқылы халықты екі рет күйзеліске түсіріп, психологиялық қысым жасауға болмайтын. Сондықтан талқылаудан соң жұмыс тобы теңгені бірден айналымға енгізуге бірауыздан дауыс берді. Осы арқылы Қазақстан тез арада, 15 қарашада тәуелсіз ақша-несие саясатына көшіп алды.Алтынымыз да азаттығымызға сеп
Теңге дизайнының ерекшелігімен жаһан жұртшылығын елең еткізді. Жаңа банкноттағы бірнеше қорғаныс деңгейі оны қолдан жасау мүмкіндігін жоққа теңестірді. Айтқандай, Қазақстан осы тұста әлемдік бір рейтингке алғаш рет кірді: төл валютасын енгізу қарсаңында, 1993 жылғы 1 қарашада республика алғаш рет өзінің алтын валюта қоры туралы ақпаратты жариялады. Сол кезде Қазақстанның алтын-валюталық қоры 452 миллион долларға бағаланды. Бір қарағанда, тұтас тәуелсіз мемлекет құру үшін өте аз сияқты. Бірақ сарапшылар айналымға жіберудің бастапқы кезеңінде ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге осының өзі жеткілікті деп таныды. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылғы қаңтар айының қорытындысында Қазақстанның алтын-валюталық резерві 35,6 миллиард долларды құрады. Бұған қоса, Ұлттық қордағы 58,7 миллиард доллар да мемлекеттіліктің тұғырын нығайтуға үлесін қосуда. 1993 жылғы 2 қарашада Қазақстан ресми түрде рубль аймағынан шығатынын мәлімдеді. Ресейден валюта тасу кілт тоқтатылды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1993 жылғы 12 қараша күні «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы тарихи оқиғаға байланысты Қазақстандықтарға үндеу жолдаған ұлт Көшбасшысы тәуелсіз Қазақстан «мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуының өтпелі мезеті болған кезеңнен өткенін және жаңа уақыт басталғанын» жария етті. Нұрсұлтан Әбішұлының пайымдауынша, осы оқиға біз үшін тек экономикалық емес, сондай-ақ саяси мәнге ие еді. Жаңа банкноттар айырбастауға қажетті мөлшерде елдің аудандары мен банктеріне небәрі 8 күннің ішінде жеткізілді. 15 қараша күні таңғы 08.00-ден басталған айырбас кешкі 20.00 сағатта аяқталды. Кешігіп қалғандарға 20 қарашаға дейін ауыстыруға мүмкіндік берілді.Мамандар байламы бағалы
Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаровтың мәліметінше, Балтық елдерін қоспағанда, бұрынғы одақтас республикалардың бәрінің ақша жүйесін 1991 жылдың соңына дейін – КСРО Мембанкі, ал 1992 жылдан бастап – Ресей Федерациясының Орталық банкі басқарды. «Дегенмен кезінде бірыңғай-ортақ болған қаржы-бюджет жүйесі 1991 жылдан кейін бірте-бірте ыдырап жатты. Одақтық бюджет жойылысымен, одан жан-жаққа тарайтын дотациялар да тоқтатылды. Одақтық бюджетке салық түспеді. Біз, банкирлер рубль аймағының да ертелі-кеш күйрейтінін түсіндік. Аймақты жүйелі қаржылық дағдарыс жайлады, ол алапат экономикалық дағдарысқа ұласты. Дәл осы кезде, 1992 жылы қаңтар айында Ұлттық мемлекеттік банктің басқарма төрағасы болып тағайындалдым. Мемлекет уақыт жоғалтпай, ақша-несие қатынастары саласын басқарудың жаңа жүйесін құру шарасын жүргізіп жатты. Бұл ортақ рубль аймағының толық күйреуін күтпей-ақ барынша тіршілікке қабілетті өнеркәсіп кешендері мен ауыл шаруашылығын сақтап қалуға мүмкіндік берді» деп бағалайды Ғалым Байназаров. Сондай-ақ білікті экономистер, қаржыгерлер теңгені енгізуге еліміз үлкен дайындықпен келді деген пікірде. «Шынында, мемлекет бұл іске әзірлікпен келді. 1990 жылғы 25 қазанда егемендігін жариялай сала, Қазақстан төл банк жүйесін құруға қызу кірісті. Мысалы, 1990 жылғы желтоқсанда «ҚазКСР-індегі банктер мен банк қызметі туралы» заңы қабылданды. 1993 жылғы 13 сәуірде КСРО Мембанкінің Қазақ республикалық банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік банкіне айналды. Яғни, тәуелсіз ақша-валюта саясатын жүргізуге ел дайын еді. 15 қарашада елдің бүкіл аумағында ұлттық валюта қолданысқа жіберілді. Кеңестік 500 сом 1 теңгеге айырбасталды. Теңге енгізілетін күні барлық облыс жаңа банкноттармен қамтамасыз етілді. Ұлттық валюта күшіне енісімен, елдегі барлық банктің, шаруашылық субъектілерінің активтері мен пассивтері тегіс теңгеде қайта есептелді», – дейді қаржыгер С.Бекмырзаева. Сонымен, бір мезгілде валюталық интервенциялар жүргізу тәртібі әзірленіп, бекітілді. Банктерге валюталық операция жүргізуге лицензиялар таратылды. Экспорттық операцияларды, кедендік бақылауды және кедендік алым-салық жинауды жаңа валюталық жүйеге көшіру іске асырылды. Мәскеуге тәуелді болып келген отандық қаржы нарығын дамуға ынталандыру және ішкі нарықта шетелдік валюта ұсынысын арттыру үшін 1993 жылы экспорттық түсімдердің 50%-ын валюталық биржада міндетті түрде сату режимі енгізілді. Бүгінде теңгені сынаушылар көп екенін әлгінде айтып өттік. 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілгенде ұлттық валютаның шетелдік валютаға шаққандағы бағамы 1 доллар = 4,7 теңге деп белгіленді. Алайда жаңа ғана тәуелсіздікке қол жеткізген, экономикасы тұралаған мемлекеттің валютасы осынша қымбат бағаланбасы белгілі еді. Ізінше бағамы құлдырай жөнелді: 1994 жылдың ортасында қазақстандық валюта 10 еседей арзандап, 1 доллар үшін 45 теңге сұрала бастады. Кейін шамалы нығайғанымен, қалыпты құнсыздану процесі жалғасты. 1998 жылдың ортасында айырбас бекеттері 1 долларды 84 теңгеге саудалады. 1999 жылы ұлттық валюта 138 теңге межесіне дейін девальвацияланды. Қазір 1 доллар 420 теңге айналасында сатылуда. Бұл жағдай теңгеден басқа ақшасы жоқ қарапайым бұқараны қынжылтады, қыжыл тудырады. Қалай болғанда, теңгенің тәуелсіздікті нығайтудағы рөлі ешқашан девальвацияланбайды, құнын жоғалтпайды. Сондықтан теңгенің енгізілген күні – мәңгілік тарихымызға алтын әріппен жазылған оқиға саналады.Айхан ШӘРІП