2021 жылы жаңа форматта өткен футболдан Қазақстан Cуперкубогы мәресіне жетті. Төрт команда арасында өткен бәсекеде «Тобылдың» асығы алшысынан түсті.
Футбол додасының маусымашар матчы Түркістан қаласында өтті. Жылдағыдай жаңа маусым Суперкубок ойынымен басталды. Қостанайлық команда турнирде негізгі уақытта бірде-бір кездесуде жеңіске жетпесе де, пенальтилер сериясында «Қайрат» пен «Астананы» қапы қалдырды. Олар бастысы нәтижеге қол жеткізу үшін ойнады және өздері қалаған межеге қол жеткізді. Айта кетейік, Қазақстан Суперкубогы – 2008 жылдан бері өтіп келе жатқан және бүгінге дейін өзінің бастапқы түрінде сақталған отандық футболдағы жалғыз ауыспалы кубок. Биыл сол Суперкубок өзгеше форматта ұйымдастырылды. Яғни, өткен маусымның қорытындысы бойынша алғашқы төрттікке енген командалар жарыс жолына шықты. Жеребе бойынша жартылай финалда «Астана» мен «Шахтер», «Қайрат» пен «Тобыл» жолықты. «Тобыл» турнирде тәп-тәуір өнер көрсетті. Өткен жылғы ел чемпиондары «Қайратқа» үш гол соғып, Шпилевский шәкірттерін біраз әбігерге салды. Асхат Тағыбергеннің 9 минутта соққан голы «Қайрат» ойыншыларын қайрап, шабуылда ойнауға, ашық футбол көрсетуге түрткі болды. Сондықтан да болар 90 минуттың ішінде жанкүйерлер алты бірдей тамаша голдың соғылғанын көрді. 40-минутта Косовичтің шірене тепкен добы Мокин қорғаған қақпадан табылып, таразы басы теңесті. Осылайша, ойынның бірінші бөлігінде 1:1 есебі тіркелді. Екінші таймда «Қайрат» ойыншылары алға ұмтылып, «Тобылдың» қорғанысын бұзып-жаруға оқталды. «Тобыл» да арагідік қарымта шабуылға шығып, қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда біразға дейін есеп ашыла қоймады. Тек кездесудің 67 минутында ғана шабуылшы Шушуначев алматылықтарды есепте алға шығарды. Содан кейін ойын қыза түсті. Қостанайлық команданың сапынан екі бірдей ойыншы көзге түсіп, екі минуттың ішінде қос гол соғып, жеңіске бір табан жақындай түсті. Тек соңғы минутта соғылған Гүлжігіт Алықұловтың голы алматылық ұжымды жеңілістен аман алып қалды. Шешуші пенальтилер сериясында 39 жастағы тәжірибелі қақпашы Александр Мокиннің шеберлігі анық байқалды. «Қайрат» ойыншыларының екі бірдей соққысын тойтарып, өзінің әлі бабында екенін дәлелдеді.