Белгілі болғандай, республика бойынша елді-мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні 14,7 млн м3 қар шығарылыпты. «Қазгидрометтің» алдын-ала болжамы бойынша ылғал қорының көлемі Ақмола облысындағы Шағалалы өзені бассейнінде нормадан 54%-ға, Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзені бассейнінде 50%-ға, Ақтөбе облысындағы Елек өзені бассейнінде (Ақтөбе су қоймасына ағын) 39%-ға жоғары.
«Жабдықтар жоқ. Биыл тағы да әкімдік 500 миллион теңге бөлді. Онда неге бұл бағдарламаларды іске асырып отырмыз? Кім үшін? Әкімдік бұл бағдарламаға қол қоймады. Құжаттарды ашып қараңыздар! Барлығы жергілікті бюджеттен төленетін болса, онда біз бағдарламаны министрліксіз өзіміз құрамыз», – деді Д.Ахметов.Әкімнің қарсылығына қарамастан, бағдарламаның былтыр екінші толқыны басталды. Республикалық және жергілікті бюджеттен жоспарланған қаражаттан бөлек, әкімдіктегі «шұғыл шығындарға» деген ақша да осы су тасқыны кезінде жұмсалады екен. Жақында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин биыл әкімдіктер шұғыл шығындарға 38,1 млрд теңге жұмсағанын айтты. Айта кетерлігі, жаңа жол картасы алдыңғыға қарағанда 118 млрд теңгеге артық екенін көріп отырмыз. Былтырғы көктемде су тасқынына қарсы шараларды талқылауға арналған жиында сол кездегі ішкі істер министрінің орынбасары, қазіргі төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин елімізде су тасқыны жылдан-жылға қайталанатынын, республикалық және жергілікті қаражат есебінен қаншама ақша бөлінетінін мойындаған еді. 2017 жылы еліміздегі бірнеше аймақты бірден су басқан кезде республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 12 миллиард теңге бөлінгенін де жасырмады.
«Елдегі көктемгі су тасқыны жылдық өзен ағынының 80%-ын құрайды. Сонымен қатар, өзендер мен көлдердің экожүйесін сақтауда үлкен рөл атқарады. Біз оларды су тасқынына қарсы күрес ретінде су қоймаларында сақтауға тырысамыз. Бұл дұрыс емес», − дейді ғалым.Жыл сайын су тасқынынан зардап шегетін елді-мекен тұрғындары шенеуніктерді төтенше жағдайлардың алдын алудан гөрі «салдарымен күресу» және қаражат бөлу көбірек қызықтырады деп санайды. Оған негіз де жоқ емес. Осыдан төрт жыл бұрын астанаға жақын Атбасардағы жүздеген үйді су басты, тұрғындарды уақытша қоныстарға тура келді. Бір қызығы, ауқымды су тасқынынан бірнеше апта бұрын билік төтенше жағдайға дайын екендігі туралы хабарлап, қала арқылы ағып жатқан Жабай өзеніне салынған бөгеттің берік екенін, қауіп-қатердің жоғын мәлімдеген-ді. Бірақ, құны 200 миллион теңгенің құрылысы су тасқынына төтеп бере алмады. [caption id="attachment_118385" align="alignnone" > qazdauiri.kz[/caption] Бір жылдан кейін Атбасар облысының әкімі болған Андрей Никишов бөгет салу кезінде ақша жымқырды деген айыппен 10 жылға сотталды. Айта кетерлігі, зардап шеккендерге өтемақы төлеуге және жаңа үйлер салуға билік бюджеттен жүздеген миллион теңге жұмсады. Атбасарда су басу қаупі әлі шешілген жоқ. 2009, 2014 және 2017 жылдары Атбасарда ірі су тасқыны болды. Бұл жағдайдың ешқайсысына билік дайын болмай шықты. Облыстар су басу қаупіне қанша қаражат бөледі? БҚО-да тасқын суды бақылауға биыл 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл облыста өзендерді әлі мұз басып жатса да, су объектілеріне жақын орналасқан елді мекендер мен саяжайлардың тұрғындарына су тасқыны болуы мүмкін деген хабарлама тарады. Облыс басшылығы су тасқынына сақадай-сай екендерін айтады. Ал тасқынға Шығыс Қазақстан облысының бюджетінен 2 миллиард теңге қарастырылған. Қазір облыстағы бес аудандағы елді-мекенді су басу қаупі төніп тұр. Айта кетерлігі, республиканың барлық су қорының 40%-ы Шығыс Қазақстан облысында шоғырланған, облыс арқылы 800-ден астам өзен ағып өтеді. Жалпы жыл сайын облыста жүзден астам елді-мекенді су басады. Биылғы жылы облыстағы ең қауіпті аймақтар қатарына Көкпекті, Тарбағатай, Глубоковский, Марқакөл аудандары мен Алтай аймағының (бұрынғы Зыряновск) 19 елді мекені еніп отыр. Жергілікті атқарушы органдар су басуы мүмкін 108 елді-мекенде жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Мұздарды жару жұмыстарына бюджеттен 162 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, шұғыл қажеттіліктерге облыстық бюджетте 1,8 миллиард теңге қарастырылған. [caption id="attachment_118386" align="alignnone" > zakon.kz[/caption] Бұған қоса, Бесқарағай, Катонқарағай, Тарбағатай, Алтай аймағы және Зайсан қаласындағы қорғаныс шараларына облыстық бюджеттен 162 миллион теңге бөліну жоспарлануда. Шығыс Қазақстан облысында 2018 жылы болған су тасқыны кезінде еріген су жүз үйді басып қалған еді. Глубоковский, Аягөз және Ұлан аудандары қатты зардап шекті. Сол жылы су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға Шығыс Қазақстан облысының бюджетінен шамамен 1,5 млрд теңге бөлінді. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, тасқынынан келген залал көлемі 3,2 миллиард теңге. Ал былтыр Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға шамамен 1,6 млрд бөлінген. Жылда су тасқынынан зардап шегетін Павлодар облысы биыл су басу қаупіне жергілікті бюджеттен 1,67 млрд теңге қарастырып отыр.