Алматыда Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan Жастар қанатының бастамасымен жоғары оқу орындарындағы студенттер жатақханаларының жағдайына мониторинг жасалды. Мониторинг жасаушылар тобына БАҚ өкілдері, белсенділер мен блогерлер тартылды. Бұл шараның мақсаты – студенттер жатақханаларының жағдайымен танысу, олар қандай жағдайда тұрып жатқанына көз жеткізу, жастарды толғандырып жүрген басқа да мәселелерге үңілу. Мониторинг нәтижесіне қарай оқу орындары басшыларына сәйкесінше жағдайды баяндау, жағдайды жақсартуға ұсыныстар айту. Алматы – студенттер ең көп шоғырланған қала. Еліміздің әрбір үшінші студенті қаладағы 39 жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Бір айта кетерлігі, барлық оқу орындарының басшыларына рейд жүргізілетіндігі жайында алдын ала хабар берілген. Рейд жүргізушілер алдымен «Қайнар» университетінің жатақханасына келді. Дәл осы жатақхана бір кездері ресми сайттарға бөлмелердің студенттерге жалға берілетіні жайлы жарнама берген. Әңгіме осыдан басталды. Бірақ жатақхана коменданты Жеңіс Жұмабеков бұл жерде 4 жылдан бері жұмыс істейтінін, ешуақытта ондай жарнама берілмегенін айтып ақталды. Жатақханада 110 студент тұрады екен. Айына 15 мың теңгеден жамбасақы төлейді. Бір көргеннен байқалып тұр, бөлмелер өте тар. Әрқайсысында 2-ден 6 студентке дейін жайғасқан. Жатақхана бөлмелері лас, жиһаздар, төсек-орындары ескі. Бөлмеде тамақ пісіретін электр плитасы тұр. Одан бөлек жатақхананың жуынатын бөлмесі көгерген, сыздың иісі шығады. – Бөлмелерде өрттен сақтану, гигиеналық нормалар сақталмаған. Жатақхана коменданты 1 және 2 кісілік бөлмелер де бар екенін айтуда. Бірақ олар әлеуметтік желілерде 20-25 мың теңгеден жалға берілетіні жөнінде жарнама берілген. Жатақхананың екі тұрғынымен сөйлестік. Екеуінің де студенттік не оқырман билеті, жатақханаға кіретін рұқсатнамасы жоқ. Біз оқу орнын сынап-мінеуге емес, студенттерге қаншалықты қолайлы жағдай жасалып жатқанын білу мақсатында осы рейдті ұйымдастырдық. Студенттердің әрқайсысының ата-анасы қалтасынан ақшасын жырып беріп, балаларын ақылы оқытып жатыр. Қосымша жатақханаға ақша төлейді. Ал олардың тұрып жатқан жерлері ешқандай қалыпты нормаға сай емес, – дейді Алматы қалалық Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов. Студенттермен сөйлескенде коменданттық уақыт жоқ екені, олар кез келген уақытта кіріп-шығып жүре беретіні белгілі болды. Ешқандай рұқсатнама талап етілмейді. Жатақханаға кез келген адам кіре берсе, ешқандай құжат көрсетпесе, осында білім алып жатқан студенттердің қауіпсіздігіне кім жауап береді? – Осында тұратын 110 адамды коменданттың есте сақтап қалуы мүмкін емес деп ойлаймын. Сол себепті Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan Жастар қанаты бұл жатақхананы қатаң бақылауға алып, тиісті органдарға осы жағдайдың бәрін хабардар ететін боламыз. Оқу орнының басшылығы жатақханада әрбір студенттің қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көріп, сезінуі тиіс, – дейді Мәди Ахметов.
Мониторинг жасаушылар Қазақстан-Ресей медицина университеті жатақханасына да бас сұқты. Бұл жерде жағдай мүлдем басқаша екенін кіреберістен-ақ байқадық. Тек қана рұқсатнамамен кіруге болатыны, коронавирустен сақтану, басқа да ескертулер мұқият жазылған. Жатақханада студенттер 1, 2, 3, 4 кісілік бөлмелерде орналасқан. Бағалары да соған сай. Нақтырақ айтсақ, 1 кісілік бөлме – 35 мың, 2 кісілік – 30 мың, 3 кісілік – 25 мың және 4 кісілік – 21 500 теңге. Күзет бар. Тәрбиеші, сантехник, электрик, ағаш ұстасы тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық өтінімдер тегін атқарылады. Біз бас сұққан бір секцияда 2-3 кісілік, 1-2 кісілік бөлме болды. 8 адамға 1 кір жуатын машина, душ, 2 әжетхана жұмыс істеп тұр. Төсек-орын жабдықтары аптасына 1 рет ауыстырылады екен. Төсек-орын жабдықтарының бәрі жаңа. Ас бөлмеде тоңазытқыш бар. Тренаржер залы, минифутбол, спорт алаңы, теннис үстелі ақысыз қызмет көрсетеді. Әр бөлмеде желілік интернет, әр қабатта Wi-fi іске қосылған. Өз бетінше дайындалатындарға оқу бөлмесі, сондай-ақ 3 500 кітап қорымен оқырман залы бар. Асхана жұмыс істеп тұр. Сапасы мен бағасы үнемі бақылауда екені айтылды.– Қазақстан-Ресей медицина университеті жатақханасында тәртіп жағынан ешқандай мәселе жоқ. Студенттер ережені біледі. Келісімшартқа қол қойылған. Уақытында төлемақының бәрі түседі. Қандай да бір мәселе туындай қалса, уақытылы шешіледі. Сағат түнгі 12-де аймақ жабылады. Дегенмен бұл уақыттан кешіккен студенттер далада қалмайды, тек қандай себеппен кешігіп қалғанын айтуы керек. Біз балалардың қауіпсіздігінен қорқамыз. Сол үшін осындай тәртіп керек деп ойлаймын. Аймақ таңғы сағат 6-да ашылады. Әрбір студенттің өз картасы бар. Әр корпусқа тек сол жерде тұратындар ғана жіберіледі, – деді магистранттар мен студенттер үйінің коменданты Ұлшат Жұмабаева. Расында да, бұл жатақхана өзгелерге үлгі етіп көрсетуге тұрарлық екен. Бұдан кейін Алматы университетінің жатақханасына да рейд жүргізілді. – Бұл университет жатақханасының да жағдайы өте нашар. Екі қабатты ғимарат. Екінші қабатында ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бір бөлмеде 11-12 адамнан тұрады. Бөлмелер сыз тартқан. Студенттерге ешқандай жағдай жасалмаған. Есіктер құлыптанбайды. Жалпыға арналған 2 душ бар. Әжетханалар толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Ғимараттың төменгі жағында коммерциялық мақсатта ашылған жаттығу залы бар. Кез келген адам келіп, абономент сатып алып жаттығу жасай береді. Бір сөзбен айтқанда, жатақхана ешқандай талапқа сай емес, – дейді Алматы қалалық Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов. Осы рейд жүргізілетіні жөнінде жоғары оқу орындарының басшыларына хабар тиген. Соның өзінде қаншама кемшіліктер көзге түсті. Бұған дейін мұндай рейд тек мемлекеттік университеттерде жүргізілген. Енді жекеменшік университеттер нысанаға алынды. Көбейіп кеткен жекеменшік оқу орындарының сапасын арттыру, талапқа сай келмейтіндерін жабу туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Сондықтан осындай қоғамдық бақылау алдағы уақытта да жүргізіле береді.