Түрлі банктер мен компаниялар болашақта болуы мүмкін қауіп-қатердің алдын алу үшін сарапшыларға тапсырыс беріп, келешекке болжам жасатады. Әрине, жұлдызшыға жүгініп, жауырыншы шақырмайды. Қазіргі тренд, процестердің алдағы уақытта кең таралуын бағалайды, басқа да әдістерді қолданады. Жыл сайын түрлі болжам жасап, әлемді елең еткізетіннің бірі – Германияның Deutsche Bank-ы. Биыл анау-мынау емес, 2030 жылға дейін жаһанның алға жылжу сценарийін жазыпты. Сонымен, әлемді не күтіп тұр? Валюта. Болжамды жасаған банк өкілдері болғандықтан, олардың назары алдымен ақшаға түскені – заңдылық. Оларға сенсек, алдағы уақытта алтын не күміске негізделмеген валюталар әлсіреп, криптовалютаға сұраныс артады. Бұл болжам шындыққа жанаса ма? Алтынмен бекітілмеген нөмірі бірінші валюта – доллар. Бұл 1971 жылдан бері қалыптасқан жағдай және әлемдік саудадағы доллардың үлесі – 63 пайыз. Яғни, бұл валюта әлі де өте жоғары сұраныста. Кейінгі орындағы евроның әлемдік төлемақылардағы орны 3 есе аз, 20 пайыз ғана. Сондықтан алдағы 10 жылда алтынға негізделмесе де, долларға сұраныс азаяды дегенге сену қиын. Ал криптовалютаға келсек, алдағы декадада оның қолданыс аясы кеңеюі әбден мүмкін. Банк өкілдері криптовалюталардың кең қолданысына Қытай мен Үндістан түрткі болады дейді. Себебі жыл өткен сайын электронды сауда үлесі артып барады. Онлайн-сауда гиганттары Amazon және Alibaba дүниежүзіндегі ең бай компанияның біріне айналды. Олар клиенттердің ыңғайы үшін криптовалютаны қолданысқа рұқсат берсе, оның құны да артуы ғажап емес. Мәселен, атақты криптовалютаның бірі - биткоинның қазіргі таңдағы құны 9 700 доллар не 3 млн 700 мың теңге. Ал осыдан 10 жыл бұрын оның бағасы 1 долларға да жетпеді. Айтпақшы, сөз болған Қытайда WeChat мессенджері арқылы кез келген жерде төлем жүргізуге болады. Егер бұл қызмет әлемге тараса, онда банктер шығаратын пластик карталар ешкімге қажет болмай қалады деген пікір де жазылыпты. Қазірдің өзінде қазақстандықтар Kaspi Gold арқылы мобильдік қосымшадан төлем жасап жүр емес пе? Технология. Deutsche Bank өкілдерінің ойынша, алдағы онжылдықта электрокөліктер кең таралады. Алайда автономды режимдегі жүргізушісіз көліктер емес, олар 10 жылда да коммерциализация деңгейіне шыға алмайды. Сондай-ақ бізді дрондар заманы күтіп тұр екен. 2030 жылға қарай тек АҚШ-тың аспанында 6,5 млн дрон ұшатын көрінеді және олардың көптігі мемлекеттік реттеуді талап ететін болады. Ал енді бұл сөздердің «жаны» бар ма? Сөз басында айтқандай, қазіргі трендтерді бақылап-ақ, болашақтың «тамырын басуға» болатын секілді. Мәселен, 2019 жылы батареямен жүретін көлік саны әлемде 5,6 млн-ға жеткен. Әрине, бұл жанармай жағатын көліктердің санымен салыстырса, мардымсыз, бар болғаны 2,5 пайыз. Алайда Норвегия, Қытай, АҚШ-та электромобильдердің саны ерекше қарқынмен артып барады. Жер-жерде мұндай көліктерге қуат беретін стансалар да салынып жатыр. Ал көлік нарығына 2008 жылы кіре бастаған Tesla – қазір әлемдегі ең қымбат көлік компанияларының бірі. Тізілген көрсеткіштің барлығы да электромобильдің болашағы зор екенін көрсетеді. Жасанды интеллект. Бұл технологияның келешегі жарқын екені қазір көпке мәлім. Алайда сарапшылар жасанды интеллект өз дамуында екі мәселеге қатысты қиындық көреді дейді. Ол – этикалық шешім қабылдау және адамгершілік тақырыбындағы сұрақтарға жауап беру. Сондықтан бұл сала одан ары даму үшін философия және лингвистика мамандары сұранысқа ие болуы мүмкін. Оның бір себебі – жасанды интеллект сұрақтарға жауап іздегенде түрлі тілдердің ерекшелігін, жауаптың моральдық жағын да ескеруі қажет. Популистер заманы. Бай мен кедей арасындағы алшақтықтың артуы, баспана бағасының қымбаттауы, мигранттарға деген теріс көзқарас – мұның барлығы жастардың популист саясаткерлерді қолдауына, сәйкесінше олардың билікке келуіне әкеп соғады. Бұл – Deutsche Bank-тың саяси болжамы. Алайда ол қазір бірнеше мемлекетте болып жатқан тенденция. АҚШ-та Дональд Трамптың мигранттардан қорғану үшін Мексикамен ортадағы шекарада қабырға саламын деп уәде беруі, Британияда Борис Джонсонның Брекситке нүкте қоямын деп жар салуы, Италияда «Бес жұлдыз», «Солтүстік лигасы» партияларының мигранттарды депортациялау жайлы бағдарламасы – оларды халық арасында танымал етіп, үкімет басына келуіне жағдай жасады. Яғни, қоғам өз билігінің шектен тыс либералдануына, шекараны айқара ашып тастағанына наразы болды және кезекті сайлауда билік ауысты. Неміс банкінің өкілдеріне сенсек, бұл құбылыс жылдам жүруі мүмкін. Алайда Трамптың қабылдаған шешімдері қаншалықты күмәнді болғанын көрген сайлаушылар келер жолы дауыс бергенде популистерді қолдау алдында бірнеше қайыра ойлануы мүмкін. 6 сағаттық жұмыс күні. Қоғамда қарт кісілердің көбеюі жаңа тенденцияға ұласуы мүмкін. Ол – жалдамалы жұмысшылар ұстанымының нығаюы, себебі жас қызметкерлер саны азая бермек. Олар өзінің «құнын» түсініп, кәсіподақтар арқылы жұмыс берушілерге қоятын шарттарын көбейте бастайды. Сондай талаптың бірі – жұмыс күнін 6 сағатпен шектеу болуы ғажап емес. Егер естеріңізде болса, бұған дейін аптасына 4 күн жұмыс істеу режиміне көшкен компаниялар жайлы жазылған еді. Яғни, сонау трейд – юниондардың жұмысшы құқы үшін күрескен қозғалысы келешекте де еш кетпейтін секілді. Ал болжамшылар 6 күндік жұмыс күнінен жұмыс берушілер де ұтады, өйткені қызметкерлер сирек ауырып, жұмыс өнімділігі артады дейді. Әрине, бұл идея айтылғанға әдемі естілгенімен, компания басшылары оған жаппай өте қояды дегенге сену қиын. Себебі олар үшін компанияның бір күн жұмыс істемеуі үлкен шығын. Оған қоса, еңбек нарығындағы өзгерістерді біраз елдің үкімет мүшелері қолдаған жоқ. Соның бірі – Қазақстан. Жалпы, келешекке болжам жасау – күрделі іс. Оның орындалу не орындалмау мүмкіндігі 50:50. Алайда Deutsche Bank құжатына қарасақ, олар футурологияға берілмей, қазіргі әлемдік тенденциялардың жалғасын жазып шыққандай. Нұрмұхамед БАЙҒАРА