Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында сот жүйесі мен Каспий теңізіне қатысты мәселелер талқыға салынды. Мемлекет судьяларға деген ел сенімін арттыруға тырысады. Осы мақсатта Сенат сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша қолданыстағы заңға түзетулер топтамасын қабылдады. Құжат «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға, Әкімшілік құқықбұзушылық кодекске және өзге заңнамалық актілерге сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Жаңа заңға қатысты пікір білдірген Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы Парламенттің І сессиясының ашылуында белгілеген міндеттерге назар аудартты. Ел Президенті сот жүйесі жабық жүйе болмауы тиістігін және оны жаңғырту қажет екенін айтты. Сондықтан жаңа заңдар арқылы білікті мамандарды Жоғарғы Соттың құрамына тарту мүмкіндігі кеңейтіледі. – Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік юстиция институты өз жұмысын бастайды. Соның аясында азаматтардың құқығын қосымша қорғайтын жаңа кепілдіктер мен тетіктер қолға алынады. Осы институттың әлеуетін толықтай қолдану үшін Жоғарғы Сотта жаңа әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрылады. Жалпы, осы заңдар сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және оның тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев. Мәселен, біріншіден, азамат пен меморган арасындағы дауларды шешу үшін әкімшілік юстиция институты енгізілмек. Бұл құрылым сот және құқық қорғау жүйелерін одан әрі реформалау үшін қажет. Заң жобалары сот жүйесін қайта құрылымдауға бағытталған. Атап айтқанда, Жоғарғы Сот пен облыстық соттардың жаңа сот алқаларын құруды, Жоғарғы Сот төрағасы мен Жоғарғы Сот судьясы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарды өзгертуді көздейді. Заң жобалары дауларды қараудың инстансалық тәртібін қайта зерделеуді, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізу аясында инвесторлар қатысатын дауларды толыққанды 3 сатылы жүйесіне ауыстыруды қарастырады. Сенат осы отырыста тиісті заң жобасын қабылдап, Суға батып кеткен кемелерді жою туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, конвенцияға 53 мемлекет қосылды. Айтпақшы, Қазақстанда бұл халықаралық келісім бір жерде ғана, Каспий теңізінде қолданылады. Каспий бойынша көршілеріміз арасында тек Иран оны ратификациялады. Ресей және Әзербайжан биылғы 2021 жылы қосылуды жоспарлап отыр. «Конвенцияның негізгі мақсаты – суға батқан кемелерді теңізден тез әрі тиімді шығарып тастау, апат салдарын жоюдың бірыңғай қағидалары мен рәсімдерін енгізу. Конвенцияда теңіз апаты салдарынан болған залалды қаржылай өтеуді кепілдендіреді, бұл үшін кеме иесінің және ол туын көтерген мемлекеттің міндеттері бекітілген. Каспий теңізінде кеме қатынасының артуына байланысты конвенцияны ратификациялау қажеті туындап отыр. Бұл ретте Қазақстан – негізгі жүк құраушы мемлекет. Каспий теңізіндегі барлық жүктің шамамен үштен бірі – 31%-ы Ақтау және Құрық порттарына тиесілі!» – деді министр. 2020 жылы Иран Каспий жағалауындағы порттарында жаңа автомобиль-паром қатынасын ашып, тұрақты контейнерлік желіні іске қосты. – Біз Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді түрде дамытып келеміз. Жалпы алғанда, 2025 жылға қарай Қазақстанның порттары арқылы жүк көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. 2020 жылы 5,4 млн тонна болды. Осы жағдайда порттарға кіретін кемелер саны екі есеге ұлғаяды: 2020 жылы кемелер 1 283 рет кірді. Тиісінше,. теңіз апаттарының болу қаупі артады, – деді Б.Атамқұлов. 2018-2020 жыл аралығында Каспийде 17 кеме апаты болған. Соның ішінде 10 апат шетелдік кемелерге қатысты: 71%-ы Иран кемелері. Ал қазақстандық порттарға кіретін кемелердің орташа «жасы» 30 жылдан асқан, яғни көнерген.Елдос СЕНБАЙ