Асыл металдар мен тастардың заңсыз айналымын тыю үшін жауапкершілік қайта қаралуы тиіс. Бұл жайында Мәжілістің жалпы отырысында палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Жиында депутаттар Еуразиялық одақ аясында «Бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді» ратификациялайтын заң жобасын мақұлдады.
Құжатты талқылау барысында депутаттар заңсыз айналым үшін жазалау бөлігінде одақтас елдердің заңнамасын өзара үйлестіру мәселесін көтерді. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Қазақстанда бағалы металдар мен тастардың заңсыз айналымына арналған баптар қылмыстық сипаттан арылған, ал Ресей мен Беларусьте керісінше, осындай құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық қудалау көзделген. – Бізде тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл салынады. Ал құнды металдарды ұрлау, олардың заңсыз айналымы тыйылмай тұр. Керісінше, олардың саны жылдан-жылға өсуде, – деген Мәжіліс Төрағасы тек «Қазақ Алтын» кәсіпорнында 2015-2020 жылдар аралығында 32 мыңнан астам заңсыз алтын іздеушілер ұсталғанын хабарлады. 2019 жылдың ақпан айынан 2020 жылдың қыркүйек айына дейінгі аралықта 5 722 заңсыз іздеуші ұсталып, полицияға тапсырылған. Олардың 80%-ы ізінше қайта қылмыс жасаған. Н.Нығматулин бағалы металдарды заңсыз іздеушілерді айыппұлдар тоқтата алмайтынын тәжірибе көрсетіп отырғанына назар аударды. Мысалы, сарапшылардың бағалауынша, елімізде заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна келеді! Мәжіліс Спикері бұл қылмыстарға қарсы түрлі шара қабылданып жатқанымен, тиісті нәтиже болмағанын айтты. Сондықтан құзырлы орган өкілдеріне жазаны күшейтуге қатысты нақты ұсыныстар қажетін және ол депутаттар тарапынан қолдау табатынын ескертті. Айта кету керек, келісім Еуразиялық экономикалық одақ аясында бағалы металдарға және асыл тастарға қатысты операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктерін айқындайды. Сондай-ақ заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалардың бағалы металдар мен асыл тастарды іздеу, өндіру, сату секілді операцияларды жүзеге асыру қызметіне байланысты құқықтық қатынастарға жаңа тәртіптер қолданылады. Отырыста депутаттар Қазақстан мен Қырғыз Республикасының үкіметтері арасындағы «Көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын құптап, Сенатқа жолдады. Н. Нығматулин бір апта бұрын қырғыз президенті елімізге мемлекеттік сапармен келгенде қос мемлекет басшылары азаматтар мен көлік құралдарының еркін қозғалысы үшін келісімді шаралар қабылдау мәселелеріне мән бергенін еске салды. – Бұл заң жобасы екі ел үшін де өте маңызды! Себебі мемлекеттеріміздің өзара әріптестігі барлық салада өте тығыз. Мысалы, былтыр Қырғыз Республикасынан елімізге 250 мың азамат келген, ал осы елге Қазақстаннан 175 мың азамат барған. Елдеріміз арасындағы көші-қон мәселесін дұрыс реттеу үшін осы Келісімді ратификациялап отырмыз, – деді Мәжіліс Төрағасы. Оның айтуынша, бұл құжат заңсыз көші-қонға қарсы күресте екі елдің ынтымақтасуына, көші-қон процестерін реттеуге, қос азаматтық фактілерінің жолын кесудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.Айхан ШӘРІП