«Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қызылорда облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қоғамдық қабылдауда мал ұрлығы, жер дауы және тағы басқа құқықтық мәселелер қозғалды. Жеке қабылдауға келген қала тұрғыны Арман Мадиханов спортпен айналысатын ішкі істер қызметкерлерін облыс атынан қатысатын спорттық шараларға қатыстырмайтыны жөнінде айтты. Тұрғынның шағымы бойынша зерттеу жүргізіліп, алдағы уақытта Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуына ықпал жасалатыны жеткізілді. Ал қабылдауда болған Баймұрат ауылының тұрғыны Күлжахан Аяхметова мал ұрлығына қатысты жасалған қылмыстың әлі күнге ашылмағанын айтып шағымданды. Оның сөзінше, белгісіз біреулер қорасында тұрған жылқысын ер-тоқымын қалдырып, ұрлап кеткен. Департамент басшысы аталған шағым негізінде тұрғынның уәждерін жеке бақылауына алды. Сондай-ақ қабылдауға келген тағы бір тұрғын тұрақты баспана алып береміз дегендерге алданып, несие алып, енді несиенің үстемеақысын өндіре алмай жүргенін айтып шағымданса, енді біреуі мас күйінде көлік жүргізіп, 15 тәулікке қамаққа алынған баласы үшін кешірім сұрап, босатуға көмек сұрады. Тұрғындар өтінішін мұқият тыңдаған департамент басшысы азаматтарға заң аясында кеңес берді.Әбілмансұр ЖАСАН