«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бағытында Жол картасы қабылданғаны белгілі. Осыған сәйкес, Түркістан облысы Бәйдібек ауданына қарасты Тасқұдық және Боралдай ауылдарына газ берілді.
Екі ауылда 600-ден астам отбасы тұрады. Өз кезегінде аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Енді Түркістан облысының кешенді даму бағдарламасына сәйкес 2025 жылға дейін Бәйдібек ауданындағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үлесін 92,3%-ға жеткізу көзделіп отыр. – Тәуелсіздігіміз туын тіккен жылдардан бері елімізде, оның ішінде біздің ауданда көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынып, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Соның бірі – Тасқұдық пен Боралдай елді мекендерінде жүзеге асып отыр. Міне, қуанышты жағдайдың куәсі болып отырмыз, – деді ол. Айта кетейік, Бәйдібек ауданына 2015 жылы «Бейнеу – Шымкент» магистральді газ құбырының құрылысы жүргізіліп, қараша айында көгілдір отынның алауы жағылып, аудан орталығы Шаянға газ берілген болатын. Өткен жылдың соңында екі елді мекенге табиғи газ келді. Қазір Тасқұдық пен Боралдайды қосқанда аудандағы 10 ауыл табиғи газды тұтынып отыр. Бүгінде 6 елді мекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысы аяқталған. Бір елді мекенге жеткізуші және ішкі газ торабының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған соң тағы 7 елді мекенге табиғи газ беріледі деп күтілуде. Одан бөлек, 13 елді мекеннің ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан өтуде және 8 елді мекеннің сәулеттік жоспарлау тапсырмалары әзірленіп жатыр.Әбілмансұр ЖАСАН