11 наурыз Ұлттық музейде Наурыз мейрамына арналған «Көктем симфониясы» атты ұлттық кәдесыйлар, кескіндеме және қолөнер бұйымдары көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Көрменің мақсаты – жас ұрпаққа қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстыру, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, қазақ халқының сәндік қолданбалы өнеріне деген қызығушылығын ояту. Ерекше балалардың бейнелеу және қолөнер бұйымдарын көпшілікке кеңінен насихаттау арқылы оларға қоғамдық қолдау көрсету. Іс-шарада кәдесыйлар, кескіндеме және қолөнер бұйымдары көрсетіліп, өлең оқылып, ән шырқалып, Наурыз мейрамының мәні мен дәстүрін бейнелейтін көріністер қойылды. Көрмеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №1 арнайы мектеп-интернаты мен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының арнайы білім беруді қажет ететін балаларының, «Үнсіз әлем – Безмолвный мир» есту қабілеті төмен жандарды қолдау қоғамдық қоры жасаған бұйымдар бар. Ұлттық кәдесыйларды шығару шеберханасы жұмысшыларының қолынан шыққан ұлттық кәдесыйлар, моншақтан тігілген картиналар, кескіндемелік туындылар көз жауын алады.Айбике ЖАНАСЫЛ