Жер үшін күйеу баласын өлтірген күдікті ұсталды

Жер үшін күйеу баласын өлтірген күдікті ұсталды

Жәбірленуші пышақ жарақатынан қайтыс болған. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаменті хабарлады.

Биыл 6 наурыз күні түнгі сағат 22:15-те Қарасай аудандық Полиция басқармасына көшеде ер адамның мәйіті жатқаны туралы хабарлама түскен. Полицейлер Әйтей ауылына барып, қылмысты анықтады. Тергеу кезінде мерт болған 37 жастағы ер адам әйелімен бірге енесінің үйінде тұрып келгені белгілі болды. Оның мүрдесі сол үйдің маңындағы көшеден табылған.

Жедел іздестіру нәтижесінде, 36 жастағы күдікті ұсталды. Ол марқұмның қайнағасы екен. Күдікті күйеу баласымен ішімдік ішіп отырып, жер учаскесіне байланысты сөзге келіспей қалған. Артынша далаға шығып, пышақты оның жүрегіне бір рет сұққанын мойындаған.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу басталды.