Тәуелсіздік шежіресі жайлы сөз еткенде Қарулы Күштердің құрылуына қатысты мәліметтерді жиі айтамыз. 30 жылға жуық уақытта қуаты артып, кәсіби тұрғыда шыңдала түскен армияның өткеніне үңіліп, түрлі естелік жазған тұлғалар да аз емес. Қарулы Күштер құрылған кезде түрлі қызмет атқарған офицерлер бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүр. Солардың бірі – генерал-лейтенант Абай Тасболатов. Біз генералмен сұхбаттасып, өткен ғасырдың 90-жылдарындағы оқиғаларға шолу жасадық.
– Абай Бөлекбайұлы, 1992 жылы Қазақстан Қарулы Күштері құрылған кезде Сіз қандай қызметте, қандай шені бар офицер едіңіз?
– Егер қысқаша айтсам, 1992 жылғы мамырда мен Алматы жоғары жалпы әскери училищесінің бастығы қызметін атқарып жүрдім. Полковник едім. Дегенмен ол кездегі жағдайды кеңінен тарқатып айтқан дұрыс-ау. Сол жылдары елдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдай өте күрделі еді. Алып одақ ыдырай бастаған кезде елдің қауіпсіздігі, қорғанысы сияқты өзекті мәселелер бар еді. КСРО-дан қалған, бақылау тетіктері жойыла бастаған әскери бөлімдерде ұрлық-қарлық, командирлердің өз қалауымен әрекет етуі белең ала бастаған-ды. Қазақстан да тәуелсіздікті жарияламастан бұрын мемлекеттік қорғаныс мәселесіне назар аударған еді. 1991 жылғы 25 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылып, оның бастығы болып генерал Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Комитет құрылғанға дейін Алматы жоғары жалпы әскери училищесінде батальон командирі едім. Ал комитет құрылған соң Мемлекеттік қорғаныс комитеті жанындағы жоғары оқу орындары және әскери емес штаб дайындығы басқармасының бастығы қызметіне кірістім. Әу баста, бұл қызметке барғым келген жоқ. Оны генерал Сағадат Нұрмағамбетов ағамызға айттым. Штаб жұмысына ұқсас қызметтерді құп көрмейтінімді, біраз уақыт батальон басқарғанымды алға тарттым. Бірақ генерал маған нақты тапсырмалар жүктеп, кәдімгідей қаттырақ, жаныма бататындай сөз айтты. Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралар жұмысын тәртіпке келтіріп, дайындығын түзетуді тапсырды. Содан соң ыңғайы келсе, командир етіп жеке құрам басқаруға жіберетінін айтты. Мен бұл уәжге келістім. Сол кезде елге Бақытжан Ертаев келді. Оның Германияда болған полкі таратылыпты. Ол менің досым еді. Екеуміз 1969 жылы Ташкенттегі жалпы әскери командалық училищеге бірге түскенбіз. Кейін Алматыдағы училище ашылғанда бізді ротамызбен осында жіберген. Содан бері бірге келе жатқан едік. Сөйткен Бақытжан Ертаев 1992 жылдың басында жұмыссыз жүрді. Оны өзім басқарып отырған бөлімге шақырдым. Ол да әскери бөлімдердің біріне командир болғысы келетінін айтты. «Қой, кейін командир бола жатармыз, әзірге осы қызметті бірге атқарайық» дедім. Осылайша, біз Қазақстан Қарулы Күштері жасақталғанға дейін дайындық жұмыстарына 1991 жылдан бастап араласып кеттік. Ал 1992 жылғы наурызда мені Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищенің бастығы етіп тағайындады. Бірақ ол үшін де біраз тер төгуге тура келді. Өйткені училище бастығын тағайындауға Мәскеудегі ТМД Біріккен Қарулы Күштерінің Бас қолбасшылығының келісімі керек еді. Сол 1992 жылы КСРО-дан қалған әскерлердің біразы ТМД Біріккен Қарулы Күштері деп аталатын. Себебі 1991 жылғы 21 желтоқсандағы келісім бойынша КСРО-дан қалған әскери бөлімдерге реформа жасалғанға дейін оларды басқару Евгений Шапошниковқа тапсырылды. Ол бұрын КСРО Қорғаныс министрі қызметін атқарған болатын. Сондықтан училище басшылығын ауыстыруға маршалдың келісімі керек еді. Бұл мәселені С.Нұрмағамбетов Елбасыға айтып, ал Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеуге телефон соғыпты. Сөйтіп, маршал Шапошников менің Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің бастығы болуым үшін ұсыным берген. Оның өзінде Мәскеуден арнайы өкілдер келді. 1992 жылғы 16 наурыздан бастап осы оқу орнын басқаруға кірістім. Қысқасы, Қарулы Күштер құрылған күні училище бастығы едім.
– Сол кезде қазақ офицерлері өте аз болған деседі. Рас па?
– Ол рас әңгіме. Мәселен, мен басқарғанға дейін училищеде небәрі 6 офицер ғана қазақ ұлтынан еді. Мен батальон командирі, тағы бір-екі жігіт взвод командирі, екі-үш жігіт оқытушы еді. Училищеде оқып жүрген жастардың арасында қазақтар аз болды. Оны былай қойыңыз, Қарулы Күштерге қажет офицерлердің 50 пайызы бізде бар еді. Армия офицерсіз қалудың аз-ақ алдында тұрған-ды. Өйткені 1991-1992 жылдары Қазақстаннан көптеген офицерлер, әсіресе орыс, украин, белорус сияқты өзге ұлт өкілдерінен шыққан әскерилер өз Отандарына кете бастады. Дегенмен Елбасы елде қалғысы келетін офицерлерге ешкім қысым жасамайтынын, қызмет етуге жағдай жасалатынын айтты. 1992 жылғы 8 желтоқсанда өткен кеңесте Елбасы әскердегі тәртіп, Президент Жарлығының орындалу барысы, командирлердің жауапкершілігі сияқты көптеген мәселені көтерген еді. Сонымен бірге офицерлердің елден кетуінің бір себебі туған-туыстары мен туып-өскен жеріне оралу екенін айтса, екіншіден, армияда тәртіптің нашар болуы да офицерлерді үркіткенін атап өткен. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы офицерлердің қайтадан ант етпейтінін, Отан алдында бір рет берілген ант жарай беретінін айтқан-ды. ТМД-ның кейбір мемлекеттерінде офицерлер қайтадан ант берген еді. Ал мұндай жағдай офицерлердің көңіліне келетін дүние.
– Сонда да кеткендер аз болмапты ғой. Ренжіп кетпеді ме, әйтеуір?
– Бір қызық айтайын. Елбасы білікті офицерлердің елден кетпеуіне мүдделі болғанымен, бәрібір атажұртына тартып отыруды көздегендердің Қазақстанға өкпелемеуі үшін жағдай жасауды тапсырған еді. Маған да телефон соғып, өз еліне кеткісі келетін офицер болса, жақсылап шығарып салуды, жалақысын, іссапар шығындарын төлеп беруді, дұрыс киіндіріп жіберуді тапсырған. Курсанттарға қатысты да осылай тапсырды. Біздің училищеде өзге мемлекеттерден келіп оқып жатқан курсанттар болды. Олар оқуға түскенде бір елдің азаматы еді, соңғы курсқа келгенде біз оларға бөтен мемлекетке айналдық. Сондықтан курсанттардың біразы шетелдік азамат болып шыға келді. Бірақ Қазақстан олардың оқуын аяқтауына мүмкіндік берді. Елбасының тапсырмасы да сондай еді. Бізден кеткен курсанттар кәдімгі офицер болып аттанатын. Ал ТМД-ның өзге елдерінде оқып жүріп, біздегі оқу орындарына ауысқысы келген қазақ курсанттарының жағдайы нашар. Өйткені ол жақтағы оқу орындары «өз еліңе кеткің келсе, жүре бер» деп курсанттарды жібере берген. Жолақысын да, іссапар шығындарын да төлемеген. Киім де бермеген. Біздің училищенің бақылау-өткізу пунктіне спорттық киіммен, жұп-жұқа шалбармен келген курсанттарды да көргенмін.
– Сол курсанттарды оқуға қабылдадыңыз ба?
– Бәрін оқуға қабылдай алған жоқпыз. Өйткені біздің училище тек жаяу әскер командирлерін, ішінара танкистер даярлайтын. Ал Ресей, Украина, Беларусь секілді елдердің училищелерінен келген жастар арасында ұшқыш, артиллерист, байланыс офицері сияқты мамандыққа оқып жүргендер болды. Дәл 1992 жылы олардың бәрін оқуға қайта қабылдауға мүмкіндігіміз болған жоқ. Кейін біздің училище оқытатын мамандықтар саны артып, көптеген маман даярлай бастады. Біз 1993 жылдан кейін бірте-бірте артиллеристерді, тыл, байланыс офицерлерін, инженерлерді, тәрбие жөніндегі мамандарды даярлай бастадық. Сөйтіп, училищеде 11 профиль бойынша кадр даярладық. 1997 жылы училище Алматы Жоғарғы Әскери академиясы болып құрылды. Осылайша, жоғары шенді офицерлерді өзіміз оқытатын болдық. Бұрын Мәскеуге жіберетін едік. Айтпақшы, десантшыларды оқыту үшін де Ресейдің Рязань қаласына жіберіп тұрдық. Қазір бәрін өзіміз оқытамыз.
Тәрбие демекші армияны енді құрып жатқан кезде «әскерге тәрбие жөніндегі офицердің қажеті жоқ» дейтін көзқарасы бар саясаткерлер де кездесті. Жастардың алғашқы әскери дайындығын да көп көргендер болған.
– Иә, айтпақшы қателеспесем елімізде алғашқы әскери дайындық деген пән 1997 жылға дейін мектеп бағдарламасында болмады. Сол пәнді бағдарламадан кімнің бастамасымен шығарып тастаған? Шынымен, қажетсіз пән бе?
– Ол пәнді 1992 жылы алып тастады.
– Неге?
– Оны сол кездегі Жоғарғы Кеңес мүшелері мектеп бағдарламасынан алғызып тастаған. Депутаттар әскери дайындық пәнін өткізетін офицерлердің сапасы төмен әрі заман талабына сай келмейтін пән деген тәрізді сансыз уәж келтірді. Кейін мұндай пәннің қажет екеніне көзіміз жетіп, 1996-1997 жылдары қайтадан енгізуге күш салдық. Сөйтіп, Керейхан Аманжол бастаған бір топ авторлар тобымен бірге оқулық жазғанбыз. Осылайша, әлгі пән қайтадан бағдарламаға енді. Бірақ қазір ол пәннің сағаты аз. 43 сағат шамасында. Бұрын 146 сағат оқытатынбыз. Жалпы, алғашқы әскери дайындық деген жастарға патриоттық тәрбие беруде таптырмайтын дүние. Алайда бес-алты жыл бұрын бұл пәнді бағдарламадан алып тастау туралы әңгіме тағы да шыққан. Ол кезде мен Парламент Мәжілісінің депутаты едім. Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, арнайы комиссия құрып, пәннің қажет екеніне тиісті мамандардың көзін жеткізгенбіз.
– Армияның құрылуы мен дамуы туралы сөз еткенде мерзімді әскери қызмет уақытының қысқарғанын атап өтпеуге болмас. Қазір жас сарбаз бір жыл ғана армияда болады. Неге екіжылдық мерзімнен бас тарттық?
– Кейде азаматтар әскери борышын екі жыл өтесін деген уәж айтатындар кездеседі. Олар өз уәждерін жөн санайды. Яғни, екі жылда азамат әскери қызметтің ерекшеліктерін жақсы меңгереді екен дейді. Негізі, олай емес. Екі жыл міндетті әскери борыш өтеуге шақыратын болсақ, жыл сайын армия қатарына алынатын жастар саны аздау болады. Өйткені екі жыл үшін әскери міндетті барлық азаматты шақырсақ жеке құрам саны 200 мыңға дейін жетуі мүмкін. Біз 200 мыңдық армия ұстамаймыз ғой. Кеңес кезінде Қазақстанда сондай мөлшерде әскер болған. Қазір Қарулы Күштердің жеке құрамы 80 мыңдай, оған Республикалық ұлан, ҰҚК Шекара қызметінің жауынгерлерін қосыңыз, соның өзі бейбіт күнде бізге жетіп жатыр. Оның үстіне біржылдық әскери борыштың өз ерекшелігі бар. Айталық, бұрын 18 жастағы жігітке танк жүргіздіретінбіз. Алайда танк дегеніңіз трактор емес қой. Олардың тәжірибесі жоқ. Техника сынса сарбазға айып таға алмайсың. Қазір танктерді, арнайы техниканы келісімшартпен қызмет атқаратын әскерилер басқарады. Олар сол техниканы меңгерген. Соған маманданған азаматтар. Ал жас сарбаздар армия өмірінің әліппесімен танысады, мылтық атып үйренеді, сөйтіп резервке кетеді. Қаласа келісімшартпен әскери қызметін әрі қарай жалғастыра алады. Осылайша, біз, Құдай бетін әрі қылсын, қысылтаяң шақ туса Отан қорғауға дайын тұратын резервистер санын көбейтеміз. Әскери борышты бір жылда өтеудің осындай да қыры бар.
– Келісімшарт әскері демекші, оны бізде кәсіби армия ретінде бағалайтыны бар. Келісімшартпен әскери қызмет өтеу жүйесін енгізуге не себеп болды?
– Негізі, келісімшартпен әскери қызмет өтеудің пайдалы тұстары өте көп. Сөз басында айттым, мерзімді әскери қызмет өтеушілерге қымбат техникаларды сеніп тапсыру қиын екенін. Мерзімді әскери борышын өтеуге келгендерді атқыш ретінде даярлауға болады. Бірақ танкист, артиллерист, БТР жүргізушісі немесе басқа да күрделі мамандық иесі ету қиын. Ал келісімшарт әскерлері бұл техникаларды толық меңгереді және әскери қызметті кәсіп етеді. Біреулер келісімшартпен әскери қызмет атқару жүйесін қымбат санайды. Алайда олай емес. Кәсіби әскер техниканы меңгеріп қана қоймай, оларды жақсы күтіп-баптайды. Екіншіден, бұл жүйе қазір әлеуметтік саты қызметін атқарып тұр. Келісімшартпен әскери қызмет істеген кезде жалақыдан бөлек пәтер жалдауға да қаржы қарастырылған. «Әскери баспана» тәрізді арнайы бағдарламалар арқылы тұрғын үй мәселесін шешеді. Бұрын әскерилерді пәтермен қамтамасыз ету қиын еді. Әкімдіктер кезек бойынша ұзақ жыл әскери салада қызмет еткен адамдарға пәтер беретін. Бірақ оның саны шектеулі. Мен Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған кездерімде бұл проблемамен талай бетпе-бет кездестім. Әкімдіктен пәтер сұрасақ 5-6 пәтер ұсынады, ал біздің кезекте 1 000-нан астам адам тұр. Офицерлердің жағдайын жасай алмай қатты қиналған кездеріміз болды. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша. Рас, алғашқы кезде бұл келісімшартпен әскери қызмет істеу жүйесінде де түрлі қиыншылық болды. Бірақ қазір бәрі реттелді.
– Армияның қуаты жайлы сөз еткенде әскери ғылымды айтпай кетпеуге болмас. Елдің қорғаныс қабілетін арттыруға еңбек етіп жатқан ғалымдарымыз бар ма?
– Бұрын Қазақстанда әскери ғылым деген атымен жоқ еді. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде елімізде Кеңес Одағының маршалы С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі мен Ф.Дзержинский атындағы жоғары шекаралық командалық училищесі ғана болды. Сол кезде әскери тақырыпта ғылыми-зерттеу жасап жүрген бір-екі ғалым бар еді. Кейін 1997 жылы Елбасының алдында баяндама жасағанымда әскери ғылымның кенже қалғанын айттық. Сөйтіп, академия қабырғасынан адьюнктура, диссертациялық кеңес, ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Диссертациялық кеңес тактикалық-оперативтік өнер, стратегия және әскери техника, әскери тарих бағыттарында ғылыми еңбектерді қорғауды қарайтын. Бірақ ол кездерде өз ғалымдарымыз болмағандықтан Ресейден, Беларусьтен әскери ғалымдар келетін. Қазір әскери саланы зерттеп жүрген адамдар саны 100-ге жуықтайды. Ұлттық қорғаныс университеті мен өзге әскери оқу орындарында ғалымдарымыз баршылық. Олар түрлі жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Әскери стратегия, тактикадан бөлек техникаға назар аударған ғалымдарымыз да бар. Пилотсыз ұшатын аппараттар, радиостансалар өз ғалымдарымыздың күшімен жетілдіріліп жатыр. Қазір елімізде әскери өнім шығаратын 30-дай зауыт бар. Қорғаныс өнеркәсібі тиісті министрліктердің құрамдас бөлігіне айналды. Бүгінде әскерилер тыңғылықты жаттығу жасап, армияның ұрысқа қабілетін жетілдіріп отырады. Ал армияға қажет қару-жарақты сатып алу, жөндеу, өңдеу тәрізді жұмыстармен айналысатын өзге құрылымдар бар. Қысқасы, Қарулы Күштер елмен бірге жетіліп, мемлекетпен бірге дамып келеді.
– Қарулы Күштердің қуаты артқанмен, заманауи сын-қатерлер де құбылып тұрған сияқты. Тәуелсіздік жылдарында қабылданған әскери доктриналардың соңғысының мазмұны бөлек болды. Бұл туралы не дейсіз?
– Қазақстан өз тарихында 5 рет әскери доктрина қабылдады. Ал бұл құжаттың жетіліп, түрлі сын-қатерге қарсы қолданылатын амал-айланы қамтып отырса, ол тек әскери ғылымның, Қарулы Күштердің жетілуіне ғана қатысты құбылыс емес. Ол тұтас мемлекеттің дамуымен бірге жетіліп келе жатқан құжат. Айталық, соңғы доктринада атап көрсетілген кейбір мәселелерге тек армия ғана емес, ҰҚК де, ішкі саясатқа жауапты мекемелер де назар аударады. Қазір Қарулы Күштерде, ҰҚК киберқауіпсіздікке жауапты, гибридтік күрес тәсілдеріне қарсы жұмысты ұйымдастыратын түрлі құрылымдар бар. Соңғы әскери доктринаға гибридті күрес, кибер және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты ұғымдардың енгізілуінің өзі заманауи сын-қатерге мемлекеттің дер кезінде жауап беруінің көрінісі. Жалпы, әскери доктриналарымыздағы ең басты ерекшелік – құжаттың тек қорғаныс мақсатын көздейтіні.
– Меніңше, Қарулы Күштер әу бастан-ақ Елбасының ерекше қамқорлығына бөленген сала секілді. Әдетте, Тұңғыш Президенттің армияны құрудағы саяси шешімдері мен рөлі туралы айтамыз. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Сізді таңғалдырған кезі болды ма?
– Рас, армия Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі қолдауын көріп келді. Әрине, тәуелсіздікті сақтау үшін армияны қолдап, дамыту кез келген басшысының міндеті саналары анық. Дегенмен армияны түрлі қақтығыстарға ұрындырмай жетілдіру де жақсы дүние. 30 жылға таяу уақыт ішінде біздің әскер халықаралық бітімгерлік миссияларына қатысты. Сарбаздар ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғап, ерлік көрсеткен кездері болды. Тәжік-Ауған шекарасындағы оқиғаларды айтамын. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде бірнеше рет бізді таңғалдырған кездері болған. Қорғаныс министрі қызметін С.Нұрмағамбетов, М.Алтынбаев, С.Тоқпақбаев және өзге де азаматтар атқарып тұрғанда, қазір де ұдайы оқу-жаттығу өтіп тұрады. 1997 жылы әскери училищенің бір жаттығуына Елбасын шақырдық. Артиллериядан атыс жаттығуы болатын. Сонда ол менен «Танктерің қайда?» деп сұраған. Сөйтіп, бокстан танкті шығарып, полигонға жеткізгенбіз. Сол жолы ол танк жүргізді. Тағы жаттығуда танктен штаттық снарядпен оқ атты. Сарыөзектегі жаттығу еді. Әдетте, жауынгерлер штаттық немесе кәдімгі ұрыс снарядымен оқ ату үшін жарты жыл дайындалатын. Елбасы әскери жаттығу кезінде техникаларды өзі жүргізіп, өзі оқ ататын. Жауынгерлермен кездесіп, әңгімелесетіні бар. Қысқасы, ол армияның ішкі ерекшеліктерін жақсы білетін тұлға.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Амангелді ҚҰРМЕТ