Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тумасы, кішкентай ғана бүлдіршін Эмир Шахмаровтың жағдайы қайырымды жандарды елең еткізбей қоймады. Екі жасқа толмаған балақай арқа бұлшық еті атрофиясымен ауырады. Айығып кетуге мүмкіндік бар. Алайда баланың дертіне шипа болатын препараттың құны өте қымбат. Тіпті ол әлемдегі ең қымбат дәрі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Бұған дейін Эмирдің ата-анасы емге қаржылай көмек сұраған еді. Жағдайға бей-жай қарамаған мыңдаған қазақстандық қол ұшын созды.
Нұротандықтар да бұл жағдайды назардан тыс қалдырмады. Партиялықтар Оралда арнайы қайырымдылық спартакиадасын ұйымдастырды. Бес асық, тоғызқұмалақ, аударыспақ, қазақ күресі, ләңгі, қол күресі, арқан тартыс сияқты және тағы да басқа ұлттық ойын түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, оған қатысушылар жарыстың тек қана бір түрі бойынша бақ сынады. Негізгі талап – балақайдың еміне қажетті қаражатты жинау.
«Көрісу мерекесімен қатар, ұлттық спорт түрлері бойынша спартакиада өткізу өте құптарлық шешім. Сонымен қатар бұл ақсайлық Эмир Шахмаровқа көмек көрсетуге де жақсы мүмкіндік»,– деді облыстық мәслихат депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Тұрарбек Тілемісов.Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі Серік Мұқашев та осы игі іске өз үлесін қосты. Өзі балалар үйінде тәрбиеленген 22 жастағы С.Мұқашев науқас балаға 1 млн. теңге аударды.
«Біздің отбасымызға көмек қолын созғандарға және ұлымыздың емделуіне қаражат бөлген спартакиада ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғысымызды білдіреміз. Бізге облыс тұрғындары ғана емес, Nur Otan партиясы да қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Ақша жинаудың аяқталуына бір ай уақыт қалды. Қазірдің өзінде қажетті қаражаттың 50%-тен астамы, яғни 576 млн теңге жиналды. Біз қажетті соманы жинап үлгеретінімізге және Эмирдің сауығып кететініне сенеміз», – деді баланың әкесі Талех Шахмаров.