Атырауда грэпплингтен әлем чемпионы Есенбек Сиғуатовты атып өлтіргендерге қатысты сот отырысы жүріп жатыр.
Болашағынан зор үміт күттірген чемпион Есенбек Сиғуатов өткен жылы 9 тамызға қараған түні қала маңындағы Амангелді және Құрманғазы ауылдарының жасөспірімдерімен төбелес кезінде атыс қаруынан атылған оқтан қаза тапқан еді. Есенбек Сиғуатовтың туыстары оның өліміне қатысты тергеудің ұзаққа созылуына күдіктілердің полицияда қызмет атқарғаны себеп болуы мүмкін деген пайымдарын айтқаны белгілі. Полиция департаменті 18 жастағы Есенбек Сиғуатовтың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмысын жүргізіп, нәтижесінде екі күдікті ұсталған. Тергеу амалдары бойынша сауал жолдаған әріптесіміз Ф.Әбіловке Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев «Олар полицияда жұмыс істеген жоқ. Біреуі 2020 жылы 22 маусымда М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына дайындық курсына жіберілді. Алайда 2020 жылдың 25 маусымында өз еркімен шығарылды. Екінші сотталушы су полициясының кезекші бөлімінде жұмыс істеді, бірақ ол да 2020 жылдың 12 тамызында жұмыстан босатылды», – деп жауап берген. Қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сотталушылар орындығында ҚК 99-бабының (адам өлтіру) 2-бөлігінің 6 және 9-тармақтары бойынша 1994 жылғы және ҚК 432-бабы бойынша (қылмысты жасыру)1997 жылғы күдіктілер отыр. Ертең алтыншы сот отырысы өтеді.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы