«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде сот орындаушылар мен коллекторлардың қызметтеріне қатысты тұрғындардан келетін шағымдар бойынша қабылдау өтті.
Қабылдауға алдын ала жазылған, әлеуметтік желілер арқылы хабардар болған азаматтар келіп, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Алғашқылардың бірі болып жуырда ғана жолдасынан айырылған көпбалалы ана партиялықтардан көмек сұрады. Ол банк алдында жолдасының қарызы бар екенін және оны банк өзінен өндіруді талап етіп отырғанын айтты. Аталған мәселе бойынша тиісті сала өкілдері тұрғынға жолдасының мұрагерлігі туралы құжат берілмейінше оның несиесін төлеуге еш негіз жоқ екенін және жолдасының зейнетақы қорындағы қаражаты берілген жағдайда банк алдындағы қарызды толық өтеу құқы бар екенін түсіндірді. Ал келесі бір азаматша 3 түрлі банктен онлайн несие алып, карантин кезінде оны өтей алмағандықтан, құжаттары коллекторлық қызметке өтіп кеткенін және соның салдарынан барлық есепшоты бұғаттаулы тұрғанын айтып, несиені жағдайы келгенше төлейтіндей етіп, төлем кестесін жасап берсе деген өтініш білдірді. Мәселені зерделеу барысында өтініш иесі құжаттары қандай коллекторлық мекемеге өткізілгенінен де бейхабар екені анықталды. – Бүгінде облыс бойынша 150-ге жуық коллекторлық мекемелер тіркелген. Олардың қайда орналасқанын іздеп табу да сізге қиындық туғызады. Алдымен коллекторлық компанияны анықтап, олардың электронды мекенжайына мәселеңізді жазбаша өтініш ретінде жазуыңыз қажет, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің облыстағы басқарма өкілі Мұрат Салманов. Жалпы, қабылдауға несие алып, кейін оны төлей алмағандықтан еңбекақы, жәрдемақы алатын есепшоттарының бұғатталып қалғанына шағымданып бірнеше тұрғын келді. Әрине, заң баршаға ортақ. Сол себепті де азаматтардың барлығына тек заңнамалық тұрғыда кеңестер беріліп, оларды шешудің нақты жолдары түсіндірілді.Әбілмансұр ЖАСАН