«Мемлекеттік бағдарламамен үй әперемін» деп 25 адамды алдаған алаяқ әйел ұсталды

«Мемлекеттік бағдарламамен үй әперемін» деп 25 адамды алдаған алаяқ әйел ұсталды

Тұрғындарға 27 жастағы қыз мемлекеттік органдарда танысы бар екендігін айтқан. Белгілі бір сомаға мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуға жәрдемдесемін деп уәде берген. Алаяқ адамдар күдіктенбес үшін фирма ашып, тіркеп, арнайы кеңсе жалға алған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті хабарлады.

Былтыр наурыз бен тамыз аралығында тұрғындармен мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы жалған келісімшарт жасасқан. Оның алаяқтық әрекетінен 25 адам зардап шеккен. «Зардап шеккендер алғашқы жарнаны пәтердің аумағына қарай төлеген. Ол өзінің сыйақысын бірден алған және уәдесін орындамаған. Осылайша, ол алданып қалған азаматтардың 56 миллион теңгесін қалтаға басқан. Күдікті жасаған алаяқтық әрекетін мойындады. Оның үстінен ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның дәл осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы да тексеріледі»,– деді полицейлер.