Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаншумен бейнеконференция байланысы арқылы кездесу өткізді. Палата Спикері Қытай Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі, дос және тату көршісі екенін атап өтті.
Ол екі ел арасында дипломатиялық қатынастар жолға қойылған 29 жылда сенімді саяси диалог, терең экономикалық байланыс орнап, жан-жақты ынтымақтастықтың белсенді дамығанына назар аударды. Н.Нығматулин осының бәрі қос мемлекет көшбасшыларының достығы мен сенімді қарым-қатынасының арқасында қол жеткізген жетістіктер екеніне тоқталды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетаралық қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізу жолында маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қытаймен ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Ал ҚХР-дың биік мәртебелі өкілі Қазақстанды «жақын әрі шынайы дос мемлекет» деп атады. Ол елдер арасындағы жоғары дипломатиялық байланыс пен ынтымақтастыққа көңіл бөлді. Ли Чжаншу Қазақстанның гүлденуіне ниеттестік таныта отырып, мемлекет басшыларының елді дамыту жолындағы айрықша еңбегін тілге тиек етті. Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы карантин шараларына байланысты Қазақстан–Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері арқылы жүктерді тасымалдауда қиындық туындауына байланысты автокөлік және теміржол қатынастарының үздіксіз жұмысын қалпына келтірудің маңызын айта келе Қытайдың өткізу бекеттерінде «экспресс-дәліздер», «жасыл дәліздер» және жүк тасымалын ұлғайту үшін «темір керуен» құру жөніндегі бастаманы іске асыруды жалғастыруға еліміздің дайын екенін жеткізді.Елдос СЕНБАЙ