Мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынды ашқан Қазақстан Президенті ел Тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі табыстары Алматы қаласымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту баршаға ортақ негізгі міндет саналатынын және азаматтарды жұмыспен қамтып, табысын арттыру басты назарда болуы қажет екенін еске салды. Президент қаланың ұзақ мерзімге арналған даму стратегиясына сәйкес, Алматы өмір сүруге қолайлы және жалпыға бірдей тең мүмкіндік беретін қалаға айналуы тиіс екеніне тоқталды. Президент 2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын бар екенін атап өтті. Осы орайда, ол ахуалдың құбылмалы сипатына назар аударып, босаңсуға болмайтынын айтты. Президент бизнесті заңсыз араласудан қорғау мәселесін келесі маңызды міндет деп санайды. Бұл жерде бақылау-қадағалау немесе құқық қорғау қызметі кейпіндегі рейдерлік және бопсалау деректері жайында сөз болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша мұндай теріс іс-әрекеттерге қарсы күреске бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы дайындалғанын мәлімдеді. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар Президент шетелдік инвестицияларды қорғау мәселесіне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, инвесторлардың еліміздегі бизнестерін жайлы жүргізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал етеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде қаланың инновациялық саладағы алатын орнын нығайту қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматының аталған салада көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұған Инновациялық технологиялар паркінің әлеуеті, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және венчурлық капиталдың айтарлықтай бөлігінің осында шоғырлануы септігін тигізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астана мен оның төңірегін дамытудың тағы бір маңызды бағыты ретінде туризм саласын атады. Президенттің айтуынша, соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есе артқан, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 435 мыңға жеткен. Ішкі туризм бойынша да оң өзгерістер бар. Сондай-ақ ол Алматы Mercer компаниясы өткізетін беделді рейтингке қосылған бірден-бір қала екенін атап өтті.