Енді отандық полицейлерге ТМД аумағына айдап әкетілетін көлік ұрлығымен күресу оңайырақ болады. Ел Парламенті Автокөлік ұрлығымен күрес жөніндегі хаттаманы ратификациялады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында депутаттар осы халықаралық келісімді күшіне енгізетін заң жобасын құптады.
«2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» деп аталатын заң қол қою үшін ел Президентіне жолданады. Бұл келісімге сәйкес, ТМД елдерінің аумағында тіркеуден шығарылған, сондай-ақ апатқа ұшыраған автокөліктер туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық мәліметтер базасы жұмыс істейді. «Түзетулер ТМД мемлекеттерінде көлік ұрлауға қарсы күрес үшін қажетті ақпаратты алу бағытындағы бірлескен күш-жігерді күшейтеді, сондай-ақ ұрланған көлікті қайтару шараларының тиімділігін арттырады», – деді сенатор Ләззат Сүлеймен. Отырыс барысында қабылданған заң жобаларының бірі тауар белгілеріне патент алу, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атауларына қатысты болды. Бұл жөніндегі нормалар «Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы» заңда жазылған. Осы заң арқылы енді қазақстандықтарға ЕАЭО аумағында жұмыс істеу үшін патент алу рәсімі жеңілдейді. Ол үшін азаматтар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірінің патент беретін ведомствосына жүгінсе жеткілікті. Осылайша, одақ аумағында өз тауар белгісін қорғауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ жаңа нормалар ЕАЭО нарығында отандық тауар өндірушілердің құқығын қорғау деңгейін арттыра түседі. Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан мен Болгария арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты» ратификациялады. Сотталған адамдар-ды әрі қарай жазасын өз елінде өтеу үшін беруге мүмкіндік туады. Ал «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң 2024 жылдан бастап темекі өнімдеріне акциздердің индикативтік мөлшерлемесін қолдануды қарастырады. . Сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты келісім комиссиясын құрып, оның құрамын бекітті. Комиссия қос палата арасындағы келіспеушіліктерді реттеп, ортақ шешім ұсынуы қажет. Парламентте келісім комиссиясы соңғы рет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы заңнамаға енгізілген түзетулер енгізу бойынша 2019 жылдың соңында құрылған болатын.Елдос СЕНБАЙ