Депутаттар квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының тиімділігін көтеруге мән беруде. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысына «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және оған ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс Төрағасы бұл құжат аталған секторда тиімді әрі ашық сатып алу жүйесін қалыптасуға септеседі деп үміт артты.
Жобаны талқылау барысында депутаттар жемқорлықтың бір қайнарына айналған «бір көзден сатып алу» үлесін қысқартуға қатысты мәселе көтерді. Олар Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы қалай орындалатынын сұрастырды. Өйткені заң жобасында осындай сатып алу тәсілі қарастырылған, бірақ оны жүзеге асыру негіздері көрсетілмей, бұлыңғыр қалдырылған. Жобада бір көзден сатып алу негіздері мен тәртіптері Қаржы министрлігі бекітетін қағидаларда анықталатыны жазылыпты. Ол қағида қоса ұсынылмады, яғни парламентшілер онда не болатынын білмейді. Осы проблемаға екпін түсірген Нұрлан Зайроллаұлы қағидаларды Қаржы министрлігінің бекіткені маңызды екенін атап өтті: – Әрине, оның бәрін заңда жазып қойса, жақсы болар еді. Алайда елімізде квазимемлекеттік сектор субъектілері әр алуан бағытта жұмыс істейді, көпсалалы сипатқа ие. Тиісінше, олардың қызметінің ерекшеліктерін, дара тұстарын жеке-жеке ескерген жөн. Сондықтан Үкіметтің көзқарасымен келіскен абзал: базалық ортақ заң қабылданады, ал одан ары реттеу ісі Үкіметке және басқа нормативтік құжаттар деңгейіне беріледі, – деді Спикер. Сонымен бірге Н.Нығматулин елең еткізерлік деректер келтіре кетті: «ҚазАгро» холдингі 2018-2020 жылдары барлық сатып алуының 98%-ын, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы 2018-2019 жылдары – 100%, ал 2020 жылы 98%-ын бір көзден сатып ала салыпты! Бұл ретте ұлттық компаниялар төл қағидаларын басшылыққа алып келген. Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры сатып алуды басқарудың жаңа моделі аясында өз қағидаларына Үкіметтің келісімін алып отырады. Нәтижесінде, бір көзден сатып алу үлесі 2018 жылғы 87%-дан былтыр 21%-ға дейін құлдырады. Мәжіліс Төрағасының байламынша, заң жобасы қабылданған соң жағдай өзгеруі тиіс. Себебі оның нормалары тек «Самұрық-Қазынаның» емес, сондай-ақ «Бәйтерек», «ҚазАгро» холдингтерінің, елдегі 253 ұлттық компания мен олардың еншілес компанияларының қызметін ретке келтіретін болады. Әйтпесе, бұлардың бәрі жыл сайын шамамен 3,5 триллион теңгеден астам қаражатты сатып алуларға жұмсайды.Айхан ШӘРІП