Қарағанды облысындағы ҚАЖД АК-159/20 мекемесінің қызметкерлері мен сотталғандар ең үлкен бауырсақ әзірледі.
Наурыз мерекесі қарсаңында сотталғандар АК-159/20 (қауіпсіздігі барынша төмен) мекемесінің әкімшілігіне ең үлкен бауырсақ дайындау туралы ұсыныс білдірген. Басшылық пен жеке құрам сотталғандардың идеясын қолдап, дайындау үшін барлық қажетті заттарын беріпті. «Мегабауырсақ» үшін 8 келі ұн, 80 грамм ашытқы, 10 литр күнбағыс майы, тұз және су жұмсалған. Бауырсақты дауындауға қазан мен май керек. Мұндай үлкен тағамды дайындау көп қиындық тудырды. Ыстық майға салынған қамыр тек сыртынан қуырылып, ішінен шикі болып қалды. Төрт сәтсіз сынақтан кейін айла жасауға тура келіпті. Сәл жұқалап иленген қамыр металл контейнерге тартылып, үстінен ыстық май құйылды. Алынған жартылай сфера тәріздес піскен нан шикі қамырмен бекітіліп, қайтадан қуырылды. Дәстүрлі тағам ретінде әзірленген «мегабауырсақ» барлық жағынан қуырылған және іші бос болып шықты. Оның диаметрі 120 сантиметр, салмағы үш келіден сәл асады. «Ұлттық тағам дайындау сотталғандарға үй атмосферасын және көктемгі Наурыз мерекесін сезінуге мүмкіндік берді», – деді тәрбие бөлімінің бастығы, әділет майоры Алтынгүл Мизамбекқызы. Дайындалған «мегабауырсақ» жеуге жарамды болып шықты, іс-шара соңында кез келген адам оның бір бөлігін бөліп жеп, дәмін татты.А. БЕКТҰР