Қызылорда облысында төрт жылдан бері үш баласына 7 млн теңгеге жуық алимент төлемей келген азамат анықталды. Бүгінде міндетінен жалтарған тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қызылорда қаласы прокуратурасы жанынан алимент төлеуден «қашқан» борышкерлерді жауапкершілікке тарту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылған. Оның құрамында құқық қорғау және әділет органдары, жеке сот орындаушылары бар. «Облыс орталығының тұрғыны 2017 жылдан бері 3 баласына алимент төлеуден жалтарған. Берешегі 6 989 224 теңгені құрайды. Осы мақсатта Қызылорда қалалық Полиция басқармасы тарапынан Қылмыстық кодекстің 139-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде» деп мәлім етті Қызылорда қалалық прокуратурасы. Ведомство мәліметінше, жұмысшы топ мүшелері алимент өндіру санатында берешегі қалыптасқан, өндірілуі қиындық туғызып отырған 203 борышкердің тұрғын үйін аралау арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.Айбике ЖАНАСЫЛ