Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагерлерге көмектесті

Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагерлерге көмектесті

Апат болған 1986 жылы 30 мыңнан астам қазақстандық апат салдарын жоюға шақырылған болатын. Бүгінде Қазақстаннан барғандардан көз тірі бес мың адам бар.

Ақмола облысының Бурабай ауданында да алапат апаттың салдарын жоюға қатысқандар көп. Оларды ұлықтау үшін Чернобыль мүгедектері Бурабай аудандық одағының төрағасы Виктор Лешин ардагерлерге құрмет көрсету, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын еске салу бастамасымен Бурабай аудандық мәслихатының депутаты Талғат Жапаровтың қабылдауында болды.

«Біздің ауданда 35 адам қалды, олардың 20-сы – мүгедек. Өкінішке қарай, көпшілігінің еңбегі ұмытылды. Олардың радиация  салдарынан зейнеткерлік жасқа дейін өте аз өмір сүретіні түсінікті. Бізге медициналық тексерулерден өтуге, шипажайға жолдама алуға көмек қажет. Жұмысқа орналасу мәселесі де бар. Бізге заң бойынша тиесілі болса да, мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздыруға тура келеді. Сондықтан апат салдарын жоюға қатысқандарды ұлықтауды жөн көрдік», – деді Виктор Лешин.

Одақ төрағасы идеясын аудандық мәслихат депутатына айтты. Жоспарымен таныстырды. Нұротандық депутат ардагерлердің өзекті мәселелерін ерекше бақылауға алмақ. Ал естелік акцияға қолдау білдіріп, қаржылай көмек көрсетті.