Тәуелсіздікпен бірге барлық ұлттық құндылықтар да елге қайта оралды. Соның бірі – Ұлыстың ұлы күні. Қазір әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы аясында еліміз екі жылдан бері әз-Наурызды кең көлемде атап өте алмай келеді. Дегенмен карантин аяқталған соң бұл мейрамды бұқаралық ірі шаралармен тойлауға да жол ашылар. Ең бастысы, Наурыз мерекесі мемлекетіміз тарапынан ресми мойындалып, күнтізбе төрінен лайықты орын алды.
Тыйым салудан әлемдік ұлықтауға дейін
Зерттеушілердің мәліметінше, Наурыздың мыңдаған жылдық тарихы бар. 2010 жылғы 10 мамырда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 64-қарарын бекітіп, 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп белгілегенде де осыны назарға алыпты. Нақтылай кетсек, Бас ассамблея төл түсініктемесінде: «Наурызды көктем мерекесі ретінде кем дегенде 3 000 жылдан бері Орта Азияда, Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда және Таяу Шығыста 300 миллионнан астам адам тойлап келе жатыр» деп жазды. Осы ұлылығын мойындап, UNESCO халықаралық ұйымы 2009 жылғы 30 қыркүйекте Наурыз мейрамын «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне» қосты. Яғни, күн мен түннің теңесуі кезіне тұспа-тұс келетін Наурыз – әлемде жыл басын атап өту дәстүрін қалады. Батыс елдерінің «Рождествосы» да, кеңестің «Жаңа жыл» мерекесі де соның қалыбымен дүниеге келгенін дәлелдеп жүрген ғалымдар жетерлік. Ұлы даланы мекендеген халқымыз оны негізінен «Ұлыстың ұлы күні» деген атаумен ұлықтаған. Осы арқылы әз-Наурыз ұлан-байтақ даланы мекен еткен көшпелілерді біріктіруші рөл атқарды. Кеңес Одағының идеологтерін мерекенің осы қыры шошытты. Оның үстіне, бұл мерекеге қазақ арыстары, ұлт зиялыларының баса мән бергені отарлаушылардың көңіліне күдік салды. Мәселен, мерекенің маңызы туралы қазақ газеттері жазды. Ал 1920 жылғы 20 наурызда еліміздің оңтүстігінде құрылған Түркістан Республикасы советінің орталық атқару комитеті төрағасы Тұрар Рысқұлов «Наурыз» мерекесіне мемлекеттік мәртебе беретін бұйрыққа қол қояды. Бұл – әз-Наурызға арналған тұңғыш мемлекеттік құжат болатын. «Түркістан совет республикасы советтерінің Орталық атқару комитетінің осы жылғы 20 наурыздағы қаулысына сәйкес, қаулы етемін: 22 наурыз – «Көктем басы – Наурыз» бүкілхалықтық мерекесі деп саналсын» делінген құжатта. Оған сәйкес, үкіметтік мекемелерге наурызды атап өтуге септесу жүктелді. Қаулы телеграфпен және телефонмен таратылған. Кейін осы құжатты Жамбыл облыстық архивінің қызметкері Мақұлбек Рысдәулет осыдан 18 жылдай бұрын архивтен тауып алады. Тарихшы Ордалы Қоңыратбаев та Тұрар Рысқұловтың бұл бұйрығын Ташкент архивінен кездестіріп, көшірмесін түсіріп алады (ол кезде Түркістан Республикасына Өзбекстан да кірген). Тарихшының мәліметінше, ұлтымыздың асыл арысы Т.Рысқұловтың еңбегі арқасында Орталық Азияда алғаш рет 1920 жылғы 22 наурызда жергілікті биліктің ұйымдастыруымен, Түркістан Республикасының аумағындағы бүкіл қалаларда, уездерде, ауылдарда «Наурыз» мемлекеттік мерекесі өтеді. Ол туралы газеттер жазып, елге таратады. Бұл жерде Тұрар Рысқұловтың мейрамға «Көктем басы – Наурыз» деген атау беруінде бір себеп бардай: сол тұста Кеңес идеологтері Ұлыстың ұлы күнін діни мереке деп күстәналауға кіріскен. Тұрар болса, оларға қарсы шығып: «Наурыз – көктем мерекесі, ол халықтық мейрам. Билік ресми ұйымдастырсақ, халық та бұл қадамды жылы қабылдайды» деп дәйектеген. Алайда 1924 жылы Түркістан КСР таратылды. Қазақстанның Сырдария және Жетісу облыстары Қаз АКСР-іне қосылды. Қалған аумағында Өзбек КСР, Түрікмен КСР құрылды.Қайта оралды қазағымның бүгін дәстүрлері-ай...
1985 жылы наурыз айында Кеңес Одағының басшысы – КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып М.Горбачев сайланды, ол «қайта құру» және жариялылық саясатына бастамашы болды. Тоталитарлық режимді іріте бастаған демократиялық процестерді пайдаланып, халық наурыз мейрамын қала көлемінде, колхоз-совхоз болып тойлай бастады. Осы тұста Наурыз мерекесіне мемлекеттік деңгейде мәртебе беру мәселесіне Қаз КСР Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков және басқа да атпал азаматтар үлес қосты. Ал 1991 жылғы 15 наурызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көктемгі халықтық Наурыз мейрамы туралы» Жарлығы шықты. «Жалпыадамзаттық құндылықтарды орнықтыру, республика халықтарының достығы мен бауырластығын нығайту, ежелгі халық дәстүрлерін жандандыру, сондай-ақ адам мен табиғаттың үйлесіміне қол жеткізу, оның шынайы имандылық рухында ізгілікті тазаруы мақсатында, қаулы етемін: 1. Көктемгі күн мен түннің теңесуі күні – наурыздың 22-сі халықтық мереке – Наурыз мейрамы болып жариялансын. 2. Халық депутаттарының жергілікті Советтеріне климаттық жағдайларды ескере отырып, халықтық мереке – Наурыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен белгілеу ұсынылсын. 3. Қазақ КСР Министрлер кабинеті мен халық депутаттары жергілікті Советтерінің атқару комитеттері көктемгі халық мерекесі – Наурыз мейрамын әзірлеу мен өткізу жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асырсын» делінген Тұңғыш Президенттің шешімінде. Осылайша, еліміз егемендік алмай тұрып, 1991 жылғы 15 наурызда Елбасы арнайы Жарлығымен Наурыз мейрамын ресми мереке деп жариялады. 2009 жылы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 21-23 наурыз күндері ресми түрде демалыс күндері деп бекітілді. – Сонда «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп тіледік, жаңа жылға үміт артып, болашақтан жақсылық күттік. Тілегіміз қабыл болып, біз сол жылы ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа, киелі тәуелсіздікке қол жеткіздік. Наурыз ықылым заманнан бері ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен кісіліктің мейрамы болып есептеледі. Табиғат иіген, көк тас жібіген Наурызда мейірім шаттыққа ұласып, бай мен жарлы теңеледі, барша жұрт ырыздыққа кенеледі. Ұлыстың ұлы күні ағайынның құшағы айқара қабысып, ренішті жандар қайта табысады. Сондықтан түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше. Біздің мемлекеттік саясатымыз әз-Наурыздың ізгілігімен өзара ұштасады, – деп еске алды Елбасы. Бұған қоса, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Біздің жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді» деген идеясы өзекті болып табылады. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыстың ұлы күнінің ел бірлігін арттырар әлеуетіне, оны ұлттық құндылық ретінде дәріптеу ісіне мән-маңыз беруде. Ел басшылығының тапсырмасымен, ел Үкіметі әз-Наурызды мерекелеудің жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатқаны мәлім. Оның аясында, мәселен Наурыз мерекесін елімізде он күн бойы мерекелеу жөнінде ұсыныс қарастырылды. Ел Президентінің 14 наурыз күні барша қазақстандықтарды «Көрісу күнімен» құттықтауы да елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесіне айналған Наурызға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отырғанын аңғартқандай.