Ақтөбе облысында карантин күшейтілді. Осыған сәйкес форум, конференция өткізуге болмайды. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес конференция, көрме, форум өткізілмейді, ойын-сауық, сондай-ақ, адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, мерекелік корпоративтерді, естелік және басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынды. Үй ішінде ас беруге болмайды. Сондай-ақ, ойын-сауық мекемелері (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі және ойын клубтары, боулинг орталықтары), балалардың ойын алаңдары және аттракциондар, букмекерлік кеңселердің және лото-клубтардың қызметіне шектеу қойылған.
«Жалпы, ақпан айында облыста 313 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ал наурыз айында 468 жағдай тіркеліп отыр», – деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.Балабақшада тек кезекші топтар жұмыс істейді.
«Балалардың түзету кабинеттерінде, балалар мен ересектердің білім беру орталықтарында адам саны 15-тен аспауы тиіс. Банк, халыққа қызмет көрсету орталықтары, пошта бөлімшесінің жұмыс уақыты сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жалғасады. Діни объектілерде ұжымдық іс-шаралар өткізілмейді. Қоғамдық тамақтану орнында адам саны 50-ден аспауы тиіс. Оларда жұмыс және демалыс күндері сағат 07.00 – 00.00 аралығында жұмыс істеуге рұқсат берілген. Театр, кинотеатр, концерттік зал сыйымдылығының 20 пайызына ғана көрермен кіргізіледі. Спорттық іс-шараларда көрермен болмайды», – деп хабарлады облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.