WhatsApp мессенджерінде Шығыс Қазақстан облысы тұрғынын балағаттаған әйел адам жауапқа тартылды. ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, әйел адам отбасымен бірге пәтер жалдап тұрған. Бірақ қарызы көбейгесін көшуге мәжбүр болыпты. Кейбір заттары мен жеке құжаттарын сол үйде уақытша қалдырған оның бірнеше күннен кейін барлық заты жоғалған. Осыдан кейін пәтер жалдаушы мен үй иесі сөзге келіп, WhatsApp арқылы бейәдеп сөздер айтылған аудиохабарлама жіберген. Жәбірленуші сол хабарламаны сақтап, сотқа арызданды.
«Сот үкімімен кінәлі деп танылған әйел адам 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі уақытта ол пробация қызметінде тіркеуге алынып, қоғамдық жұмыс істеу үшін әкімдікке жіберілді», – дейді пробация қызметінің басшысы Мақсат Манарбеков.