Түркістан облысы облыстық балалар ауруханасының кардиохирургтары жүрек ақауымен дүниеге келген сәбиге күрделі ота жасап, аман алып қалды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Сәбидің өмірге келгеніне небәрі үш күн болған. Оған жоғары технологиялық бірнеше ота жасалды. Соның бірі – жүрек тамырларының транспозициясын түзету операциясы. Алты сағатқа созылған күрделі отадан кейін сәбидің кеуде қуысы жабылып, кардиохирургия бөліміне ауыстырылды.
Нәресте қалалық перинаталдық орталықтан санавиация желісі бойынша ауыр жағдайда түскен. Оған кардиохирургтар, анестезиолог және перфузиолог дәрігерлері бар бригада күрделі радикалды операция жасады. Күрделі ота сәтті аяқталды. Сәбидің салмағы небәрі 2400 гр.
Дәрігерлердің айтуынша, дер кезінде жасалған отаның арқасында сәбидің денсаулығы жақсарды. Бала тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық бақылауға шығарылды. ОДБ жағдайында оңалту еміне дайындалуда. Жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасының кардиохирургтары жаңа туған нәрестелерге осындай 6 ота жасады.
Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Түркістан облыстық балалар ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінде жыл сайын сәбилердің ашық жүрегінде 250 операция жасалынады. Олардың 40 пайызы жүрек ақауы бар жаңа туған нәрестелер. Түркістан облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқыту шаралары ұйымдастырылып отырады, – деп жазады Аigak.kz.
Фото: aigak.kz