Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Жер реформасы жөніндегі комиссияның нақты міндетін атады.
«Бүгінгі кеңесіміздің ұлтымыз үшін қасиетті күндерімен тұспа-тұс келуі де тегін емес деп ойлаймыз. Халқымыз үшін жер – кәсіптің көзі. Сондықтан да ол ерекше бағалы ұғым. «Жер – ырыстың кіндігі, еңбек – ырыстың қазығы, бірлік – ырыстың тізгіні» деп бабаларымыз тегін айтпаған. Осында айтылған ойдың бұл да бір бүгін нақты дәлелі деп айтуға толықтай негіз бар», – деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ, ол 2016 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жекеменшікке, шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беруге мораторий енгізілгенін атап өтті, – деп жазды «Қазақпарат». «25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктер мен шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға беруге толықтай тыйым салу туралы саяси шешімін жариялады. Бұл бойынша заң жобасы 12 наурызда Парламентке енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жер заңнамаларын жетілдіру мақсатында Премьер-Министрдің өкімімен жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды», – деді Тоғжанов. Оның айтуынша, комиссия құрамына шенеуніктермен қатар қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, журналистер еніп отыр. Комиссия 80 адамнан тұрады.«Комиссияның алдында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары саласын дамыту мәселесі бойынша ұсынымды әзірлеу міндеті тұр. Сондықтан ел басшылығы, бүкіл еліміз, әсіресе, кәсібі жермен тікелей байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер күтіп отырғанын ескеріп, ақылдасып, нақты шешім қабылдайтынымызға күмән жоқ», – деді Ералы Тоғжанов.