Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев айтты.
Сондықтан жерді жалға алғандардың тізімін халық білуі керек. «Тіпті, жер пайдаланушы заңды тұлғалардың құрылтайшыларының кім екенін, қай жердің азаматы екенін жердің нақты иесі – халық білуі шарт. Президентіміз халыққа жасаған соңғы Жолдауында қоғамдық бақылау рөлін күшейту керек деп қадап айтты. Сондықтан «Елдің көзі – елу» деген принципті жер мәселесіне де пайдалануымыз керек», – деді спикер.«Жер шетелдіктерге берілмесін деп дабыл қағып жүргенде, қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резиденттігінен шығып, шет ел азаматтығын алып жатқанын байқамай қалдық. Өкінішке қарай, фактілер бар, жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсынамыз. Шет ел азаматтығын алып жатқандар қолда бар мыңдаған гектар жер телімін банкке кепілге қойып, қыруар ақша алып, кейін қайтара алмай, шет елге қашып кетпеуіне кім кепіл? Заң кері күшіне ие бола алмайды деген кертартпалықты қойып, тиісті механизмдерді қарастырған абзал», – деді Жигули Дайрабаев.
Бұған дейін сенатор Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жер мемлекет меншігінде болуы керек екенін айтқан болатын.