COVID-19 дертіне қарсы вакцинаны қалай алуға болады?

COVID-19 дертіне қарсы вакцинаны қалай алуға болады?

Жер бетінде коронавирусқа қарсы 200-ден астам вакцина ойлап табылды. Оның 60-тан астамы әлі зерттелуде. Соның 8-ін ДДҰ қолдануды мақұлдаған екен. Қазір вакцинация АҚШ, Израиль, Еуропа Одағы, Ресей, Беларуссия, Қытай сияқты әлемнің 42 елінде салынып жатыр. Бізде де вакцинация 1 ақпаннан басталды. Алғашқылардың бірі болып билік басшылары, дәрігерлер мен ұстаздарға салынды.

Бастапқыда көпшілігінде «вакцинаның пайдасы белгісіз, коронавирусқа қарсы күресуге дәрменсіз» деген үрей болды. Уақыт өте келе халықтың вакцинацияға қызығушылы арта бастады. Себебі бүгінде елімізде Covid-19 дертімен ауыратындар саны күн санап өсіп келеді. Енді тұрғындарды «вакцинаны қайдан алуға болады?», «қалай алады?», «вакцина қандай жағдайда салынады?», «оған қанша төленеді?» деген сұрақтар мазалай бастады. Міне, Aikyn.kz осылардың жауабын анықтауға тырысты... Нұр-Сұлтан қалалық жедел-жәрдем стансасының диспетчерінің мәліметінше, коронавирусқа қарсы вакцинаны кез-келген адам ала алады. Ол үшін тіркелген мекенжайы бойынша емханаға барып, терапевт-дәрігерге жолығуы тиіс. Оның ешқандай сырқаты болмаса, дәрігер вакцина алуына рұқсатын береді. Не болмаса, 109 нөміріне хабарласып, вакцинаны қай жерден алуға болатынын білуге болады. – Вакцина салдыртқысы келген адам тіркелген мекенжайы бойынша қаралатын емханасына баруы тиіс. Не болмаса, қосымша тіркеу жасауына болады. Бұл дегеніміз – өзіңіз сол жағалауда тұрсаңыз, бірақ оң жағалаудағы емханаға тіркелу – өз еркіңізде. Жекеменшік емханаларда да вакцина салынып жатыр. Алайда мемлекеттік емханаларда бәріне жететіндей вакцина бар. Тіпті, олар тұрғындарды вакцина салдыртуға шақыруда, – дейді жоғары бригаданың фельдшері Ботагөз Мүслімова.

Айтуынша, вакцина тегін салынады. «Былтырдан бері әр қызметкердің жалақысынан ұсталып отырған МӘМС бар. Міне, соның есебінен екпе – тегін. Ал егер жұмыссыз адам вакцина салдыртпақ болса, алдымен МӘМС-ке төленетін бір айлық жарнаны төлеуі тиіс. Ол – 2900 теңге. Осыны төлеген соң екпе алуына болады. Сонымен бірге МРТ-ға түсіру, басқа дәрігерге қаралуы, бүкіл ем тегін көрсетіледі» деді ол.

– Вакцина екі екпеден тұрады. Бірінші екпеден кейін вакцина салдыртқан азамат жарты сағаттай дәрігердің бақылауында болады. Ыстығы көтеріліп, мазасыздығы болмаса үйіне қайтарылады. Бастысы – вакцина салынған соң екі сағаттай су ішпеу керек. Сонымен қатар үш күндей суға түспеуі тиіс. Сол күндері адам көп шоғырланған жерге бармай, үйде болғаны абзал. Арасында денесі қызып, ыстығы көтерілуі мүмкін. Бірақ ондай жағдай көбінде байқалмады. Егер де дене қызуы түспесе, парацетамол ғана ішуге болады. Кейбірінің сүйегі қақсап, сырқырап ауруы да мүмкін. Артынан 14 күннен кейін екінші екпесі салынады. Ол кезде мұндай симптом болмайды. Тек кейбірінің ыстығы көтерілуі мүмкін. Бірақ оның бәрі өткінші нәрсе, – дейді Ботагөз Серікқызы.