Мониторингтік топ мейрамхананы 3 сағат қоршауда ұстады

Мониторингтік топ мейрамхананы 3 сағат қоршауда ұстады

Қалада мереке күндері жұмысын тоқтатпаған тағы бір мейрамхана анықталды. Мониторингтік топ пен қалалық штабтың мамандары бірлесіп, көңіл көтеретін орынның ішіне 3 сағат дегенде әзер кірді. Ең қызығы, карантин талаптарын сақтамаған қонақтардың арасында елге танымал әншілер мен әртістер де бар, - деп хабарлайды Almaty.tv телеарнасы.  Оқиға Медеу ауданында болған. Қаладағы барлық тексерушілер есікті ұзақ уақыт ашпаған мейрамхананы 3 сағат қоршауда ұстады. Телеарна тілшісінің айтуынша, бір қарағанда, мейрамхана жабық сияқты. Терезелерін жарық көрінбейтін етіп қараңғылап тастаған. Бірақ, сыртта көлік көп. Біреуінің иесі темір тұлпарын қалай болса солай қоя салған. Жол ережесі өрескел бұзылғандықтан, мамандар эвакуатор шақыртып, көлікті алдыртып тастады.

"Күтпеген жерден іштегі қонақтардың бірі есікті ашып жіберді. Барлық келуші бұрыш-бұрышқа тығылып үлгеріпті. Алайда, ешкім құтыла алмады. Ең қызығы, олардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Әншіні көлеңкелеуге тырысқан күзетшілер тілшілерге де тап берді. Тіпті, біздің арнаның операторына шабуыл жасап, камераны сындыруға тырысты. Кінәні өзінен емес өзгеден іздеуге тырысып баққан арандатушылар да табылды", - дейді тілші.
Кейін мамандар жарықты қосып, іштегі барлық бөлмені аралап шыққан. Бұл жерде туған күн кеші өтіп жатқан. Оған қоса, қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да шегілген. Тергеу жұмыстары аяқталған соң келушілер қызметтік көлікке отырғызылып, полицияға біртіндеп жеткізілді. Журналистің айтуынша, сонда да қарсылық танытқандар болды.
"Мейрамханада адам өте көп. Олар карантин талаптарын бұзғаны аздай, жол ережесін де сақтамаған. Көліктерді жолға дұрыс қоймаған. Қазіргі таңда қалада тексерістің күшейтілгенін тағы да ескерткім келеді. Денсаулығымызды ойлап, үйде отырайық. Рейд жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді", - деді СЖҚК агенттігі жанындағы арнайы республикалық мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов.
Кәсіпкерлік нысанда 200-ден аса адам болғаны анықталды. Барлығы Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, әкімшілік құқықбұзушылықтың 425-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Келушілер мен мекеме қызметкерлеріне 87 мың көлемінде, кәсіпкерге 670 мың теңге шамасында айыппұл салынды.